Қазақстан Қарулы күштерінің құрамасы әлем чемпионатында жалпыкомандалық бірінші орынды жеңіп алды

АСТАНА. Қазанның 18-і. ҚазАқпарат - Қазанның 8-18-і аралығында АҚШ-тың Солтүстік Каролина штатындағы Джексонвиль қаласында бокстан әскерилер арасындағы 53-ші әлем чемпионаты өтті. Бұл жарысқа Қазақстан Қарулы күштерінің бокс құрамасы қатысты, деп хабарлады қорғаныс ведомствосының баспасөз қызметінен.

Қазақстан Қарулы күштерінің    құрамасы   әлем чемпионатында   жалпыкомандалық  бірінші  орынды жеңіп алды

Байрақты бәсекеге әлемнің 14 елінен, атап айтқанда Италия, Нидерланды, Шри-Ланка, Украина, АҚШ, Бразилия, Дания, Франция, Үндістан, Эстония, Ирландия, Барбадос, Тринидад және Тобаго, Қазақстан сияқты елдерден барлығы 68 боксшы қатысты.

Қазақстан Қарулы күштерінің құрамасы 10 салмақ санатында өнер көрсетіп, 9 жүлделі орын жеңіп алды. Нәтижесінде жалпыкомандалық бірінші орынды иеленді. Қазақстанның Қарулы күштерінің боксшылары осы чемпионаттың қорытындысы бойынша 2011 жылы шілденің 16-24-і аралығында Рио-де-Жанейрода өтетін Армия спорты дүниежүзілік кеңесінің V жазғы әлем ойындарына жолдама алды.

Жарыста 1-ші және 2-ші орын алған кіші сержант Б.Абдрахманов, қатардағы жауынгерлер М.Ақшалов, И.Сүлейменов, А.Мұқанов, Е.Жанабергеновтар көзге түсті.