Қазақстан Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлерінде командирлік дайындық бойынша офицерлер жиыны басталды
АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстан Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлерінде командирлік дайындық бойынша офицерлер жиыны басталды.
Оған Құрлық әскерлеріне қарасты бөлімдер мен құрамалардың командирлері қатысуда. Жиынды өткізу орны ретінде Астана қаласы мен Құрлық әскерлерінің оқу орталығы орналасқан Гвардейск гарнизоны белгіленіп отыр. Бұл туралы ҚР ҚМ-нің баспасөз қызметінен хабарлады.
Әскери бөлім командирлері 10 күн бойы әскерлерді қолдану мәселелері, жауынгерлік әзірлікті ұйымдастыру және басқа да тақырыптар бойынша сынақтар мен емтихандар тапсырады.
Бұған дейін командирлік дайындықтар бөлімдер орналасқан жерлерде ғана өткізілетін. Биыл екінші жыл бұл секілді жиындар курстық дайындық әдісімен белгіленген жиын бекеттеріне шығу арқылы өткізіліп келеді.
Командирлерді жаңа әдіспен тестілеу идеясының авторы Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-лейтенант Мұрат Майкеев командирлік дайындық бойынша осындай тәсілмен сынақтар өткізу өте тиімді дейді. Себебі олардың білімі мен біліктілігін жоғары тұрған штаб офицерлері бағалайды. Сол себепті де командирлер сынаққа өте мұқият дайындалып келеді. Бұл тәсіл олардың кәсіби деңгейін мейлінше дұрыс бағалауды қамтамасыз ететін болады.
Жиын барысында командирлер тәжірибе алмасып, жауынгерлік дайындық пен бөлімнің күнделікті қызметін ұйымдастырудағы әдіс-тәсілдерімен өзара бөлісетін болады. Сонымен қатар, Құрлық әскерінің бас қолбасшысы сынақтарды тікелей бақылау арқылы командирлердің кәсіби өсу деңгейін көру мүмкіндігіне ие болады.