Қазақстан кәсіпкерлерінің 85 пайызы экономикалық соттардың жұмысын оң бағалауда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан кәсіпкерлерінің 85 пайызы экономикалық соттардың жұмысын оң бағалауда. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-де өткен брифингте ҚР Жоғарғы сотының судьясы Нұржан Қайыпжан айтты.
Оның атап өтуінше, елімізде 2001 жылдан бері соттарды кезең-кезеңімен мамандандыру жұмысы жүргізіліп келеді. Нәтижесінде, мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар, мамандандырылған әкімшілік соттар, мамандандырылған қылмыстық соттар, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған соттар құрылып, сот әділеттілігін арттыруда тиімді жұмыстар атқаруда.
«Жыл сайын экономикалық соттарға түсіп жатқан талап-арыздардың артуы - елімізде кәсіпкерліктің дамып келе жатқанын көрсетеді», - деді ол.
Оның атап өтуінше, Жоғарғы сот өткен жылы экономикалық соттардың жұмысына қатысты бизнес субьектілерінің пікірін білу мақсатында әлеуметтік сауалнама жүргізген. Зерттеу нәтижесі бойынша экономикалық соттарда істері қаралып жатқан кәсіпкерлер бұл соттардың жұмысын жақсы жағынан бағалаған.
«Нақтырақ айтсақ, жауап берген респонденттердің 85 пайызы істерінің сапалы және уақытылы қаралып жатқанын, экономикалық соттар судьяларының кәсіби деңгейі жоғары екенін атап көрсеткен. Жалпы, елімізде бизнес жүргізу үшін жағымды жағдайлар жасаудың аса маңыздылығын атай отырып, инвесторлардың құқықтарын қорғаудың ұсынылып отырған тетіктері - біздің еліміздің инвестициялық ахуалына және инвесторлардың отандық сот жүйесіне деген сеніміне оң әсерін тигізіп отырғанын атап өткен жөн",- деді Н.Қайыпжан.