Қазақстан кәсіподақтар федерациясы Президентке үндеу жолдады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Кәсіподақтар федерациясы жаңа сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан кәсіподақтар федерациясы Президентке үндеу жолдады

Президент сайлауына кандидат ұсынған ҚР кәсіподақтар федерациясы науқан қарсаңындағы жұмыстарын қорытындылап, жиын өткізген.

Жиыннан кейін одақ ұжымы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа  Үндеу жолдады. Кәсіподақ құрамындағы екі миллион адамның атынан ел Президентін сайлаудағы жеңісімен құттықтап басталатын үндеу мәтінінде бірқатар ұсыныстар да айтылған.

«Біз Халықаралық еңбек ұйымының 5 конвенциясын, атап айтқанда, «Әлеуметтік қамсыздандырудың төменгі нормалары туралы» 102-конвенциясын, «Дамушы елдерді ескере отырып, төменгі еңбекақыны бекіту туралы» 131-конвенциясын, «Ұжымдық келіссөздерге жәрдемдесу туралы» 154-конвенциясын, «Толық емес жұмыс уақыты жағдайындағы еңбек туралы» 175-конвенциясын, «Ауыл шаруашылығындағы еңбек гигиенасы мен қауіпсіздігі туралы» 184-конвенциясын бекіту маңызды деп санаймыз.  Сондай-ақ, бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын есептеу көрсеткішін қайта қарастыру қажет» делінген үндеуде.

Құжатта Қазақстан бойынша өндірістік жарақаттың көп екені де айтылады. Кәсіподақ федерациясы  осы орайда «Қауіпсіз еңбек» мемлекеттік бағдарламасын қабылдауды ұсынады

«Еңбекті қорғауды басқару жүйесін жетілдіру, жазатайым жағдайлардың алдын алуды күшейту, жұмысшылардың талап қою үрдісін және келісу үрдістерін өткізуді жеңілдету, ұжымдық шарттарды міндетті түрде жасау бойынша Еңбек заңнамасын жетілдіру қажеттігі туындап отыр» делінген үндеу мәтінінде.