Қазақстан Каспий теңізінде мұнай танкерлеріне талапты күшейтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Каспий теңізінде экологиялық жағдайды қорғауда заңнамаға қатаң талаптар енгізіп жатыр. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатында Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысынан кейін ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитетінің төрағасы Әсет Асаубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Депутаттар тарапынан әзірленген заң жобасын талқыладық, яғни көлік мәселелері бойынша түзетулер енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, су көлігі бойынша Экологиялық кодекске тиісті нормалар енгізілуде. Мысалы, Каспийде кемелер мұнай араласқан суды төкпеуін, қоқыстарды шашпауын, пластикалық заттарды теңізге тастамауын қатаң қадағалайтын нормалар ескерілді. Сонымен қатар, теңіз арқылы мұнай тасымалдайтын танкерлердің түбінде қос қабатты қалыңдатылған бөліктерінің болуы секілді қосымша талаптар қойылып отыр»,-деді комитет төрағасы.
Оның сөзіне қарағанда, заң жобасында сараланған тарифтер бойынша іс-қимылдар қарастырылған.
«Бүгінде Алматы мен Астанада автобустарда электронды көлік жүйелері құрылғаны белгілі. Осы орайда жүйеде сараланған тарифтерді пайдалану бағытында тиісті заңнамалық нормалар енгізілді»,-деді ол.
Бұдан бөлек, көліктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қадағалау шаралары құзырлы органдарға беріліп жатыр.
«Трамвайлардың жұмысын ұйымдастыру жергілікті әкімдіктерге тиесілі. Бірақ көлікті пайдаланған кезде қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексеру көліктік бақылау инспекцияларының құзыретіне берілетін болады. Бүгінде темір жолда осындай бақылау жүргізіледі және мұндай шараларды атқаруға қажетті құрал-жабдықтар бар. Осындай құзыретпен қосымша төрт қаладағы трамвайлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылау көліктік инспекцияға беріледі»,- деді Ә. Асаубаев.