Қазақстан Каспийге PC International, Maersk, MSC, COSCO Shipping сияқты операторларды тартпақшы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Каспий арқылы құрғақ жүк тасымалдауға PC International, Maersk, MSC, COSCO Shipping сияқты халықаралық операторларды тартпақшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының міндетін атқарушысы Қасым Тілепов осындай мәлімет берді.

Оның айтуынша, Қазақстан Каспий арқылы тасымалданатын құрғақ жүктің көлемі артатынын ескеріп, арнайы контейнер хабын салмақшы. Бұл хабқа әлемдегі ірі контейнер операторлары қызмет көрсетуі мүмкін.

«Контейнерлердің ағыны артып жатқанын ескеріп, Ақтау портында контейнер хабын салмақшымыз. Осы мақсатпен халықаралық көлік-логистикалық компанияларды тарту жоспарланып отыр. Оның ішінде PC International да бар. Сондай-ақ, Maersk, Mediterranean Shipping Company, COSCO Shipping сияқты халықаралық контейнер операторлары тартылады. Қазірдің өзінде бұл компаниялармен белгілі бір шарттар пысықталып жатыр. Бұл бізге олардың контейнер паркін тартуға мүмкіндік береді. Бүгінде бізде контейнер тапшы. Сондықтан, осы контейнер паркін тарта алсақ, транспорттық-экпорттық мүмкіндіктерімізді арттырар еді», - деді комитет өкілі.

Еске салсақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай тасымалдауда Транскаспий бағдарын дамытуды тапсырған еді.



Соңғы жаңалықтар