Қазақстан кәсіпорындары жұмысшы біліктілігін арттыруға 6 есе аз қаражат жұмсайды

АСТАНА. KAZINFORM — ЭЫДҰ мүше мемлекеттері арасында зейнетке жақындап қалған азаматтар мен еңбек нарығына кіріп жатқан азаматтар арасындағы біліктілікті өлшейтін зерттеу жүргізіледі. 

«ҚазТрансОйл» АҚ жұмысшыларға қолайлы жағдай жасайды
Фото: «ҚазТрансОйл» АҚ

Оның Қазақстандағы нәтижесі туралы Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова айтып берді.

— Осы зерттеуге сәйкес, Қазақстанда үлкен азаматтар мен жастар арасындағы еңбек дағдыларының үш есе айырмашылығы бар. Яғни, бізде зейнет жасындағы еңбек күшінің біліктілігі мен білімі жастардікінен үш есе жоғары. Енді жұмыс берушілер осыған мән беруі керек. Әрине, физикалық қартаю — еңбек күшінің заңдылығы, сондықтан келе жатқан жастардың біліктілігін арттыруға көңіл бөлу керек, — деді депутат агенттіктің «Bizdin orta» подкастында.

Тағы бір мәселе — елімізде жұмыс беруші өздігінен адамның біліктілігін арттыруға ден қоймайды, 12 қызметкердің біреуі ғана жұмыс беруші бұйрығымен біліктілігін арттырған.

— Ал ЭЫДҰ мемлекеттерінде әрбір екінші адам жұмыс беруші есебінен біліктілігін арттырады. Сондықтан келесі мәселе — жұмыс беруші өз жұмысшыларының сапасын, біліктілігін арттырып отыруы керек. Бәлкім бұған да мемлекет тарапынан қолдау мен бағдарлама керек шығар, — дейді Ж. Сүлейменова.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының вице-президенті Шалқар Байқұлақовтың айтуынша, Қазақстанда үлкен кәсіпорындар да ЕЫДҰ елдерімен салыстырғанда, жұмысшыларының біліктілігін арттыруға 6 есе аз қаражат жұмсайды.

— Жұмыс күшінің сапасы еңбек нарығына елеулі әсер етеді. Мәселен, біз Skills Enbek платформасын жасадық. Онда өсімдік өсіру, ара шаруашылығы, бухгалтерия сынды 631 курс бар және жарты миллионға жуық адам оқудан өтті. «Жұмыс орнында біліктілікті арттыру» бағдарламасы арқылы жастар кәсіпорындарға жіберіліп, қабілеттерін шыңдайды, — деді Ш. Байқұлақов.

Бұған дейін 10-11 сынып оқушыларын колледжде қатар оқыту бойынша Парламент пен Үкіметтің ортақ келісімге келе алмай жатқаны хабарланған еді.

Соңғы жаңалықтар