«Қазақстан қауіпсіз әлем құруға көмектесуде» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 24 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 24 қыркүйек, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Алматыда ТМД елдері Экономикалық кеңесінің кезекті 51-ші отырысы болып өтті. Кеңейтілген кездесудің жұмысына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев қатысып, сөз сөйледі. Жиында негізінен алғанда, ТМД елдерінің экономикалық ынтымақтастығын дамытып, оны одан әрі жетілдіру мәселелеріне қатысты іс-шаралар жан-жақты талқыланды. Осы алқалы жиын жайында жазылған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Инновациялық ынтымақтастық ұлғаймақ» деген тақырыппен басылды. Басылымның атап өтуінше, осы келелі кеңесте бірқатар салмақты мәсе­лелер қойылып, қарастырылды. Мәселен, жиынға қатысушылар басқосуда ТМД Экономикалық дамуы стратегиясының (2009-2011 жылдар) алғашқы кезеңін жүзеге асыру бойынша атқа­рыл­ған іс-шаралар жоспарының орындалу барысын сараптаумен айналысуды да ұйғарып отыр.

Осы басылымда «Нью-Йорк Таймс» газетінде жарық көрген «Қазақстан қауіпсіз әлем құруға көмектесуде» мақаланың қазақ тіліндегі нұсқасы жарық көрді. «Былтырғы қараша айында Қазақстан АҚШ және МАГАТЭ-мен ынтымақтаса отырып, Ақ­тау қаласындағы БН-350 реак­то­рынан 10 тоннадан артық жо­ғары бай­ы­тылған уран мен 3 тонна қару-жа­рақтық плутонийді шығару жо­ба­сын аяқтап, оларды ұзақмерзімді сақтауды ұйым­дас­тырды. Бұлар 800 ядролық оқ­тұмсықты жасауға емін-еркін жететін шикізат еді. Осы оқиға ядролық қаруды таратпау ісіндегі жаңа кезеңге аяқ бас­қандықты көрсетті және жа­һан­дық қауіпсіздікті қамта­масыз етуге қосылған маңызды үлес болды», - деп жазыпты басылым. Сонымен қатар «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінен Қазақстан Президентінің Семей сынақ полигонын жауып, ядролық қарудан өз еркімен бас тартуына байланысты шетелдік БАҚ-тарда жарияланған пікірлер топтамасы да берілген.

***

Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының жазғы Спартакиадасы аяқталды. Бір аптаға созылған жарыс шиеленісті өтіп, оған халықаралық ареналарда мемлекетіміздің мәртебесін асқақтатып жүрген барлық мықтылар қатысты. Өйткені осы бәсеке арқылы 5-13 қараша аралығында Парижде өтетін әлем чемпионатына қатысатын зілтеміршілер анықталды. Ал Францияның астанасында 2012 жылы Лондонда алауы тұтанатын Олимпиада ойындарының жолдамалары сарапқа салынатыны белгілі. Ендеше Францияда өтетін байрақты бәсекеге кімдердің баратынын білгіңіз келсе, «Айқын» газетіндегі «Талдықорғандағы тартыс Парижге баратындарды анықтады» деген мақалаға көз жүгіртіңіз.

«Айқын» газетінің жазуынша, 25 қыркүйек - 2 қазан аралығында Алматы қаласы әкімдігі, Мемлекеттік қуыршақ театры, Дүниежүзілік қуыршақшылар қауымдастығы және «Tanarіs» компаниясы І Дүниежүзілік қуыршақ шеруін өткізеді. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған шараға Швейцария, Португалия, Франция, Германия, Иран, Чили, Норвегия, Ресей, Испания, АҚШ, Италия, Румыния, Украина, Перу, Армения тағы басқа 20 мемлекеттен қонақтар келеді.
«Өмір мерекесі» ұранын ту еткен ауқымды іс әлемдегі кәсіби қуыршақ мамандары мен әуесқойлардың басын бір шаңырақ астына біріктіру, қала тұрғындары мен қонақтарының көңілін көтеруге ықпал ету, Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі мен Халықаралық қуыршақ фильмдері фестивалін ұйымдастыру сияқты мақсаттар көздейді.

***

«Премьер-Министр Кәрім Мәсімов кеше Венгрия Республикасының ауыл шаруашылығы және өңірлерді дамыту министрі Шандор Фазекашпен кездесті», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті.

Басылымның атап өтуінше, кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық саласындағы екіжақты қарым-қатынасты дамыту мәселелері талқыланған. 2011 жылдың бірінші жартыжылдығында екі ел арасындағы сауда айналымы 150 млн. доллардан асып түскен. Қазіргі уақытта елімізде 60-қа жуық венгер және қазақстандық-венгерлік біріккен кәсіпорындар жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар