Қазақстан қай елдерден мұнай өнімдерін импорттауы мүмкін – Сәтқалиев жауабы

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстан Ресейден басқа қай елдерден мұнай өнімдерін импорттауы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

KAZENERGY
Фото: KAZENERGY

«Жалпы, Еуразиялық экономикалық одақ аумағына мұнай өнімдерін импорттаумен байланысты нақты бір ереже бар. Еліміздің аумағына мұнай өнімдерін жеткізетін зауыттар Еуразиялық комиссия талаптарына сай сертификатталуы тиіс. Менің білуімше, бірқатар зауыт сертификат алуға ниет танытып отыр», - деді Алмасадам Сәтқалиев XV KazEnergy Еуразиялық форумы аясында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Министр Еуразиялық экономикалық одақ аумағына мұнай өнімдерін әлеуетті жеткізуші ретінде Түрікменстан мен Қытайдың мұнай өңдеу зауыттарын атады.

«Бұл процесс жұмыс тәртібімен жүргізіліп жатыр», - деді ол.

Айта кетейік, елордада XV KazEnergy Еуразиялық форумы өтіп жатыр. Халықаралық іс-шара қатысушыларына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау жолдады.