«Қазақстан - қай жағынан алғанда да ТМД елдерінің көш бастаушысы» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 28 қаңтар, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Кеше Президенттік мәдениет орталығының концерт залында британиялық саясаткер, жазушы, Джонатан Айткеннің «Назарбаев және Қазақстанның қарышты қадамы» атты кітабының тұсаукесері болып өтті», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі нөміріндегі «Елімізді жұрт Елбасы арқылы таныды» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, аталған кітап бұған дейін Англияда, АҚШ-та, Түркияда және Ресейде таныстырылған. Онда Елбасының бүкіл өмір жолы өте жақсы көрсетіліп, қайраткерлік жарқын келбеті де нанымды суреттелген. Сондай-ақ реформаторлық кескіні де, қазақ мемлекетін дамытудағы ерен еңбегі же жан-жақты ашып көрсетілген.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Астанада «Қазақстан-2020» демократиялық күштер жалпыұлттық коалициясының алғашқы жиыны өткен. Жиынға қатысушылар тағы бір мәрте Елбасымен бірге стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға біріккен коалицияның негізгі мақсатына деген өздерінің берік ұстанымдарын көрсетті. Олардың алдында сөз алған, партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин: «Аз ғана уақыттың ішінде біздің демократиялық күштер коалициясына біріккен саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың саны 600-ден асты. Осының өзі Елбасымыздың өкілеттігін ұзарту үшін референдум өткізу бастамасының бүкіл халқымызды біріктіріп, қазақстандықтардың тек қана Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қолдауының тағы бір нақты көрсеткіші деуге болады», - деді.
***
«Атырауда мұсылмандар зиратында белгісіз біреулер бірнеше мазарлар мен марқұмдарға қойылған құлпытастарды аса айуандық әрекетпен талқандап кеткен болатын. Адами қасиеттен жұрдай болғандардың әрекеттері марқұмдардың ғана емес, жалпы халықты дүрліктірді. Қазіргі күні халық «осы екі мұсылман зиратындағы адам шошырлық әрекеттер өзге де зираттарда орын ала ма?» деген қауіптен арыла алмай отыр», - деп жазады «Айқын» газеті жұма күнгі нөміріндегі «Зиратты қиратқан күдіктілер ұсталды» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, қаладағы орталық мұсылмандар зираты мен қаланың Азия бөлігіндегі «Жөлеген» аталып кеткен мұсылмандар зиратына туыстарын жерлеген адамдар бейіт басына барған кезде өздері өткен жылы ғана жерлеп, оларға тұрғызған мәңгілік мекеннің тас-талқаны шығып, қирап жатқанын көріп шошыған. Діннен бізгендер екі зираттағы 31 мазарды талқандаған. Қазіргі уақытта мұсылмандар бейітін қиратқандар деген күдікпен «Химпоселок» елді мекенінің 19-20 жастағы 7 тұрғыны ҚР ҚІЖК-нің 132 бабына сәйкес күдікті ретінде ұсталып, уақытша ұстау орнына қамалды. Күдіктілерді ұстау кезінде олардан зілбалғалар мен өзге де ауыр салмақты темір құралдар және діни кітаптар тәркіленіп алынды. Бұл діни кітаптардың қандай ағымды ұстанатынын анықтау үшін зерттеуге жіберілді. Күдіктілердің бірі - жоғары оқу орнының 2-курс студенті.
Осы басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - экономика ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Сағындық Сатыбалдин. Басылымның барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Мен жеке тұлға ретінде референдумды қолдап, қол қойған бес миллионнан артық отандастарымның бірімін. Ал ғалым ретінде айтар болсам, онда жеке басымның пікірін емес, ғылыми топтың ойын, мүддесін білдірген болып шығамын. Өзіңіз білесіз, мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорымын. Осындағы өзім етене араласып жүрген танымал ғалымдар тобы мен студенттер түгелдей Нұрсұлтан Әбішұлының президенттік қызметін жалғастыруын қалайды. Бұлардың сыртында да мен араласатын ғалымдар, басқа да шығармашылық сала өкілдері жетерлік. Бір сөзбен айтқанда, білімді, зиялы деп аталатын қалың қауым да Назарбаевтың президенттік қызметі жалғасуын ұлттық қажеттілік деп біледі. Иә, бұл - ұлттық қажеттілік», - дейді. Сұхбаттың толық нұсқасын оқығыңыз келсе, «Қазақстан - қай жағынан алғанда да ТМД елдерінің көш бастаушысы» деген мақалаға назар салыңыз.
***
«Дүкендерді қанша араласақ та, Ақ Азиаданың нышандары бейнеленген ұлттық бұйымдар таба алмадық. Өзіңіз ойлап қараңызшы, VII қысқы Азия ойындарының эмблемасы бар домбыралар, кішкентай киіз үйлер, қолына домбыра немесе қамшы ұстаған Ирби барысы сатылымға түсіп жатса, кермет емес пе?! Туристер де осындай ұлттық нышаны сезіліп тұратын заттарға қызығатынын неге түсінбейміз? Өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды осындайда көрсетіп қалуға неге тырыспаймыз», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Басылым көтеріп отырған мәселе төңірегінде егжей-тегжейлі білгіңіз келсе, «Шенеуніктер ұлттық нышандарымызды ноқталап отыр» деген мақалға көз жүгіртіңіз.
«Алаш айнасы» газетінің «Дат!» айдарында философия ғылымының докторы, профессор Нағима Байтеновамен арадағы сұхбат «Мектепте - пәндер тарихы, ал дінтану жоғары оқу орындарында міндетті пән ретінде қалыптасуы қажет» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына жан-жақты әрі салмақты жауап берген ғалым: «16 млн. халық арасында 4000-нан аса діни ағымның болуы біздің елдегі діни ахуалдың қандай екенінен хабар береді. Ендеше, осы тақырыпты зерттейтін институттар да мейлінше көп болғаны дұрыс. Қазіргі зерттеу орталықтары жалпы дін туралы түсінік беруден әрі аспай жатыр. Әрбір діннің басын бір шалмай, әр дінге, тіпті әрбір ағымды талдайтын зерттеу орындары қажет», -дейді.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Мемлекет басшысының атына Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара қаласының тұрғыны Құрбанбай Изтұрғановтан да хат келді. Хат авторы Елбасының президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі бастамашы топтың ұсынысын қолдайтынын жазады. Ол өз хатында Президенттің мемлекетімізді нығайтудағы, Қазақстанды дүние жүзіне танытудағы орасан еңбегін және жүргізіп келе жатқан көреген саясатының арқасында Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктерді атап көрсетеді. Сондай-ақ Қазақстан халқының мәртебесін биіктетіп, егемен елдің беделін асқақтатып жүрген Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен атқарылған игі істерді жыр жолдарына арқау еткен.