Қазақстан қазір шет мемлекетте жүрген қазақтың бәрін бірден атажұртқа көшіріп алуды алдына мақсат етіп қойып отырған жоқ - Талғат Мамашев
МАТЫ. 17 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанда атажұртқа шет елден көшіп келген қазақтардың арқасында халық саны өсуде.
Оны Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат Мамашев бүгін Алматыда Ресейден ана тілін үйрену үшін келген бір топ қазақ оқушыларымен болған кездесу кезінде айтты.
«Соңғы 10 жылда шет елден 1 миллионға жуық қазақ көшіп келді. Олар халық санын ғана емес, тілді де байытты. Сондай-ақ ел экономикасының дамуына айтарлықтай өз үлесін қосуда. Қазақстан қазір 40-тан астам шет мемлекетте жүрген 5 миллион қазақты дереу атажұртқа көшіріп алуды алдына мақсат етіп қойып отырған жоқ», - дейді Талғат Мамашев. Оның айтуынша, Қазақстан өз еркімен көшіп келетін қазақтар үшін әрдайым есігін ашық ұстауда. Әсіресе жастарды ерекше ықыласпен қарсы алуда. Мәселен, осы уақытқа дейін туған жерге көшіп келген қазақтардың 61 пайызын Өзбекстан мен Қарақалпақстаннан келгендер құрап отыр. Қытайдан келгендер - 15, Моңғолиядан келгендер - 12 пайызды құрауда. Ал Ресейдегі 1 миллиондай қазақ әзірге бұл көшке белсенді түрде қатысқан жоқ. Қазір олар Ресейдің 34-35 өңірінде орналасқан. Көпшілігі Астрахан мен Омбы арасында шоғырланған. Ондағы қазақтардың Қазақстанға қоныс аударуға асықпауына екі елдің арасындағы визасыз еркін қарым-қатынас өз ықпалын тигізуде. Қауымдастық басшысының айтуынша, Қарақалпақстандағы қазақтардың көшуіне экологиялық, Түрікменстандағы қазақтарға саяси ахуал түрткі болды. Ресейде Алтай өңірінде ғана жалғыз қазақ мектебі бар. Егер ана тілін меңгерем десе, оған Ресей заңы кедергі жасамайды. Өзінің бұл құқығын пайдалану - ондағы әр адамның өз еркі. Жалпы өзінің шыққан тегін білген адам ниет етсе, ана тілін де тез меңгере алады.