20:35, 28 Желтоқсан 2017 | GMT +5
Қазақстан кеденшілері жолаушылар декларациясын толтыруға міндеттелді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның жаңа Кедендік кодексінде кеден қызметкерлеріне жолаушылардың декларациясын толтыру міндеті жүктелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа кедендік кодексте кедендік органның сіздің сұрауыңыз бойынша декларацияңызды толтыруға міндетті екені жазылған. Декларацияны кез келген адам толтыра алмайды, мәселен, сіз өзге елге ұшып келдіңіз, декларациялайтын жүгіңіз бар. Ол үшін брокер іздеп, ақша шығындайсыз. Енді, 1 қаңтардан бастап, кез келген кеденшіге декларацияны толтырып беру өтініш білдіре аласыз және онда қол қою ғана жеткілікті», - деді ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Ғұсман Әмрин.
Ол жаңа мемлекеттік қызмет түрінің міндетті емес екенін және адамдардың өз қалауымен брокер жалдай алатынын баса айтты. Сондай-ақ, Ғ.Әмрин мұндай мүмкіндікті мемлекеттің экспорттаушыларға да қолжетімді еткісі келетінін атап өтті.