Қазақстан Кеңес Одағы тұсында қабылданған Конвенцияны қайта қарастырады

АСТАНА. ҚазАқпарат -Бүгін Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында «Білім беру саласындағы кемсітушілікке қарсы күрес туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды. Құжат палатаның алдағы уақытта өтетін жалпы отырысына шығарылатын болады.

Қазақстан Кеңес Одағы тұсында қабылданған Конвенцияны қайта қарастырады

Білім және ғылым министрі Тахир Балықбаевтың айтуынша, аталған Конвенция БҰҰ Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Бас конференциясының 1960 жылғы 14 желтоқсанда Париж қаласында жасалған. Конвенцияның мақсаты адам құқықтарының жаппай сақталуын және барлығының білім алуға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ұлттар арасындағы ынтымақтастықты орнату, сонымен бірге, білім беру саласындағы кез келген кемсітушілікті жою болып табылады. Жалпыға бірдей мүмкіндіктер теңдігі мен осы саладағы барлығына бірдей қарым-қатынасты көтермелеу қарастырылады.

«Айта кетерлігі, Конвенцияны Кеңестер Одағы 1962 жылы ратификациялаған болатын. Кейін Одақ тарағаннан соң егемен елдердің барлығы Конвенцияға өздігінен тәуелсіз мемлекет ретінде қосылып жатыр. Қазақстан да осыған қосылуы үшін конвенцияны ұсынып отырмыз», - деді вице-министр. Оның айтуынша, Қазақстанның Конституциясы мен барлық заңнамасы Конвенция ережелеріне сәйкес келеді.

Айта кетейік, Конвенциядағы «кемсітушілік» сөзі нәсілі, түр-түсі, жынысы, тілі, діні, саяси немесе өзге де нанымдары, ұлттық немесе әлеуметтік тегі, экономикалық жағдайы немесе туу белгілері бойынша кез келген айырмашылықты, жоққа шығаруды, шектеуді немесе артықшылық беруді қамтиды.

Оның мақсаты немесе салдары білім беру саласындағы қарым-қатынас теңдігін жою бұзу болып табылады.
Конвенцияға қатысушы мемлекеттер білім беру саласындағы мүмкіндіктер мен қарым-қатынастар теңдігін жүзее асыру үшін ұлттық жағдайлар мен салт-дәстүрлерге сәйкес келетін әдістерді пайдаланатын жалпы мемелкеттік саясатты әзірлеуге, дамытуға септігін тигізеді. Бұл ретте бастауы білім беруді міндетті және тегін етуге, орта білімді оның түрлі нысандарын жалпыға бірдей игілік етуге және оның жалпыға бірдей қолжетімділігін қамтамасыз етуге жағдай жасайды.

Мемлекет бастауыш білімін алмаған немесе оны аяқтамаған адамдарды және әркімнің қабілеттеріне сәйкес олардың білім алуды жалғастыратын білім берудің лайықты әдістерімен көтермелеуге және дамытуға міндетті болады. Оқытушы кәсібіне даярлықты кемсітушіліксіз қамтамасыз етуге жағдайлар жасайды.
Тұтастай алғанда конвенцияға Қазақстанның қатысуы білім беру саласындағы халықаралық қауымдастықпен ықпалдастықтың маңыздылығын көрсетіп, еліміздің осы саладағы халықаралық нормаларды сақтауды және ұстанатынын дәлелдейді.