Қазақстан Кения өнімдерін Орталық Азия нарығына шығаруға арналған шай-кофе хабын құруды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстанның Кения Республикасындағы Елшілігі Найроби қаласында шай және кофе өндіру, өңдеу, экспорттау және сауда салаларында жұмыс істейтін кениялық компаниялар өкілдерінің қатысуымен бизнес-форум өткізді, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Іс-шара Қазақстанда шай-кофе хабын құру бастамасын ілгерілетуге және Кения Президенті Уильям Рутоның 2026 жылғы 19–20 мамырда Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға арналды.
Форумға осы саланың жетекші компанияларының, соның ішінде Sasini PLC, Gacharaga Tea Factory және Rosie Van Dyke Company өкілдері қатысты.
Іс-шарада сөз сөйлеген Қазақстанның Кениядағы Елшісі, сондай-ақ БҰҰ-ның Найробидегі бөлімшесі жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды дәйекті түрде іске асырудың және екі ел арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың маңызын атап өтті.
Оның айтуынша, Қазақстанда өңірлік хаб құру кениялық өнімдердің Қазақстан нарығындағы үлесін кеңейтуге және оларды Орталық Азияның басқа елдеріне ілгерілетуге қосымша мүмкіндіктер ашады.
Форум аясында Қазақстанның инвестициялық саясатының негізгі бағыттары да таныстырылды. Олар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басымдықтарға негізделген. Атап айтқанда, жеке және шетелдік капитал тарту, ұзақ мерзімді қаржыландыруды дамыту, өнімді терең өңдеу, логистиканы жетілдіру және инвесторлармен жұмыстың тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қатысушылар жеткізілімдерді ұйымдастыру, логистика, қойма инфрақұрылымы, өнімнің сапасы мен қаптамасына қойылатын талаптар, сондай-ақ кениялық өндірушілердің, экспорттаушылар мен инвесторлардың жобаға қатысу мүмкіндіктері бойынша пікір алмасты. Сонымен қатар тікелей іскерлік байланыстар орнату және екі ел компаниялары арасында тұрақты коммерциялық байланыстар қалыптастыру перспективаларын талқылады.
Осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев тоғыз елдің жаңа елшісіне Қазақстанның бейбіт саясат ұстанымын таныстырған болатын.