07:30, 21 Желтоқсан 2017 | GMT +5
Қазақстан ҚХР-мен арада Сарапшылар кеңесін құруды ұсынды
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қазақстанның Қытайдағы достары клубының 4-ші мәжілісінде ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов екі ел арасында Сарапшылар кеңесін құруды ұсынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-нің Қытайдағы меншікті тілшісі.

«Екіжақты қарым-қатынастар мен халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді талқыға салу үшін біз Қазақстан мен Қытай арасында Сарапшылар кеңесін құруды ұсынамыз. Аталмыш кеңес стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту мақсатындағы тұрақты институттық механизм ретінде жұмыс істейтін болады»,-деді ол.
Дипломат сонымен қатар екіжақты қатынастар барысында «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бастамаларының мән-маңызын ескере отырып, Қазақстан тарапының 2018 жылы қытайлық «Бір бағыт-бір белдеу» бастамасының 5 жылдығына арнап, Астанада халықаралық деңгейде ірі конференция ұйымдастырғалы отырғандығын атап өтті.
Еске сала кетейік, 2017 жылдың 20 желтоқсанында ҚР СІМ Қазақстанның Қытайдағы достары клубының мүшелеріне медальдар тақты.