Қазақстан киберқалқанмен қорғалады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қауіпсіздік жағдайын қуатты және қабілетті мемлекеттің өлшемі деп атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан киберқалқанмен қорғалады

«Киберқылмыспен күрестің өзектілігі барған сайын арта түсуде. Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне «Қазақстан киберқалқаны» жүйесін қалыптастыру шараларын қабылдауды тапсырамын», - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев 31 қаңтар күні жарияланған Жолдауында .

Одан бөлек, Мемлекет басшысы діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу қажеттігін баса айтты.

«Бас бостандығынан айыру орындарында сотталғандарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру қызметтерінің мақсатты жұмысы ұйымдастырылуға тиіс. Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу үшін қосымша қадамдар жасау керек», - деді Н.Назарбаев.

Терроризмге қарсы күрес мәселелеріне тоқталған Президент деструктивті күштерді қаржыландыратындарға, шетелдік террористік ұйымдармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес жүргізу ісінің негізгі мәселе болып саналатынын айтты.

Бұл іске мемлекеттік емес секторды және діни бірлестіктерді белсенді түрде тарту қажет, - деді ол. - Осы шараның бәрі менің тапсырмам бойынша әзірленіп жатқан, 2017-2020 жылдарға арналған Діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет жөніндегі мемлекеттік бағдарламада ескерілуге тиіс.