Қазақстан киіктер санын 500 мыңға жеткізуге ниетті

АСТАНА. 12 маусым. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі киіктер санын 500 мыңға жеткізуге ниетті. Бұл туралы бүгін брифинг барысында Орман және аң шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев айтты.

Қазақстан киіктер санын 500 мыңға жеткізуге ниетті

«Адамзат қызметінің, оның ішінде өнеркәсіптің, индустрияландырудың, мұнай мен газды өндірудің, коммуникация мен желілерді құрудың салдарынан біздің сол бір кездегі киік санына қол жеткізуіміз неғайбыл. Дегенмен де қазіргі уақытта бізде киіктер басын жарты миллионнан асыруға шынайы мүмкіншіліктеріміз бар. бұл шынайы сан, біз осы бағытта жұмыс істейтін боламыз», - деді ол.

Бірақ та комитет төрағасының айтуына қарағанда, киіктерді қорғауды қаржыландыруда проблемалар бар. «2001 жылы бізге 14 млн. теңге бөлінген болатын. Бүгінгі таңда киіктерді қорғауға 200 млн. теңге бөлінеді. Біз бұл көлемді де жеткіліксіз деп санаймыз. Өйткені, бұл жануарлардың бүгінгі таңдағы жайылым аумағы 10 өңірдің шамамен 100 млн. гектарды құрайды», - деді ол.

Айта кетейік, қазіргі таңда ел аумағында 136,57 мың бас киік бар.