Қазақстан-Қытай қарым-қатынасындағы көрнекті он бағыт - шетелдегі қазақ баспасөзі

«KAZINFORM» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қазақстан-Қытай
Фото: kaz.people.cn

Өзбекстан, Әзербайжан және Қазақстан «жасыл» энергетика дәлізі туралы келісімге қол қойды - «ӨзА»

Өзбекстан, Қазақстан және Әзербайжан магистральды электр желілері операторлары Еуропаға «жасыл энергетика дәлізін» құру жобасы аясында ортақ кәсіпорын құру туралы келісім жасасты, деп хабарлайды өзбекстандық «ӨзА» ақпарат агенттігі.

Өзбекстан, Әзербайжан және Қазақстан «жасыл» энергетика дәлізі туралы келісімге қол қойды
Фото: uza.uz

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, келісім үш елдің электр желілері операторлары - Әзербайжанның Azerenerji, Қазақстанның KEGOC және Өзбекстанның «Ұлттық электр желілері» арасында бейнеконференция форматында бекітілді.

Құжат үш мемлекет басшылары 13 қарашада қол қойған келісімді жүзеге асыруға, сондай-ақ Еуропалық Одақтың «Жасыл келісім» бастамасын (2050 жылға дейін парниктік газдардың және қоршаған ортаның ластануын толықтай жою жоспары) ескере отырып, электр энергиясы саудасының мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Кожикоде қаласында керемет мұражай бар» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Кожикоде қаласында керемет мұражай бар
Фото: uza.uz

Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, Кожикоде қаласы Үндістанның Керала штатында, Араб теңізінің жағалауында орналасқан халқы тығыз қоныстанған мекеннің бірі. Бұл ежелгі қалада балық аулау, маржан теру және кеме жасау өнеркәсібі жақсы дамыған.

Қаланың қақ ортасында Кеме жасау мұражайы орналасқан. Мұражайға жарты ғасыр бұрын Хожи Ахамед Коя негіз қалаған. Мұнда Үндістанның кеме жасау тарихына қатысты сирек кездесетін коллекциялар сақталған.

Айта кетейік, келушілер бұл жерден аталмыш салаға байланысты қызықты әрі құнды ақпарат ала алады. Сондай-ақ мұражайда түрлі сирек кітаптар, компастар мен басқа да заттардың көне үлгілері, сондай-ақ кемелер мен қайықтардың шағын макеттері қойылған.

50 мың жылдан кейін адамдар қандай болады - «ParsToday»

50 мың жылдан кейін адамдар қандай болады? Бұл қызықты сұрақтың жауабы «ParsToday»-дегі-дегі жаңалықтар шолуында берілген.

50 мың жылдан кейін адамдар қандай болады - «ParsToday»
Фото: parstoday.ir

Аталған жаңалықтар шолуы «18 ирандық әйел әлемдегі ең көп сілтеме жасалған ғалымдардың бірі», «Адамдар 50 мың жылдан кейін қандай болады?», «Америкадағы Microsoft корпорациясы монополияға қарсы заңдарды бұзды» және «Әлемнің үздік 100 бағдарламашысының Теһрандағы бәсекелестік жолында» қатарлы тақырыптар бойынша тоқталған.

Аталған БАҚ-та хабарлағандай, Иранның Синай қаласындағы Шариф және Боали технологиялық университеттерінің профессоры Мұстафа Рустамидың айтуынша, соңғы статистикалық мәліметтерге сәйкес, 18 ирандық ғалым әйел әлемдегі ең көп сілтеме жасалған әйел ғалымдардың қатарында болған. Бұл Ислам мен Иран Ислам Республикасындағы әйелдердің ілгерілеуінің белгісі екен.

Анталияда туристік рекорд жаңарды - TRT

2024 жылы Анталияға 17 миллион 278 мың 103 турист келген.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Анталияда туристік рекорд жаңарды - TRT
Фото: trt.net.tr

Аталған БАҚ-та хабарлағандай, Анталияда туристік рекорд жаңарды. 2024 жылы қалаға келушілердің жалпы саны 17 миллион 278 мың 103 болды. Бұл көрсеткішпен Анталия бір жылда қонақ еткен жалпы турист саны бойынша ең жоғары көрсеткішке жетті. 2024 жылы Анталияға келген турист саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға артқан.

Өткен жылғы Қытай-Қазақстан қарым-қатынасындағы нығайған он бағыт - «Халық газеті»

Атап айтқанда, 2024 жылы Қытай-Қазақстан арасындағы тұрақты және жан-жақты стратегиялық серіктестікті ашқан жоғары деңгейдегі сапарлар жиілеген. Сондай-ақ, туризм жылы да сәтті өтті. Осы аптада Қытайдың «Халық газеті» қазақ тілді сайты өткен бір жыл ішіндегі Қытай мен Қазақстан қарым-қатынасының елеулі жетістіктері жөнінде берген ақпаратына шолу жасап, төмендегідей он түйінге жинақтаған.

Өткен жылғы Қытай-Қазақстан қарым-қатынасындағы нығайған он бағыт
Фото: kaz.people.cn

Визадан босатудың арқасында екі ел арасындағы барыс-келіс артқан. Өткен жылы екіжақты сауда тереңдеп, өзара байланыс жеделдеген. Сонымен қатар Қытай-Еуропа пойызы керемет нәтижелерге қол жеткізді және Транскаспий халықаралық көлік маршруты ашылған. Екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы ынтымақтастығы тереңдеді. Білім беру саласындағы ынтымақтастықта нығайған. Сондай-ақ кино және теле хикаиялар алмасуы да өркендеген.

Сондай-ақ осы аптада «Халық газетінде» «Елші Хань Чуньлинь Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары А.Рахметуллинмен кездесіп, сенім грамотасының көшірмесін тапсырды» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

«Елші Хань Чуньлинь Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары А.Рахметуллинмен кездесіп
Фото: kaz.people.cn

2024 жылғы 31 желтоқсанда Қытайдың Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинь Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллинмен кездесіп, сенім грамотасының көшірмесін ұсынды, деп жазады қытайлық «Халық газеті» басылымы.

Аталған басылымның мәліметінше, Елші ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бұйрығымен Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы 12-інші төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалуы үлкен мәртебе екенін айтты. Ол Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатуға және шын жүректен ынтымақтасуға, тағдыры ортақ Қытай-Қазақстан қауымдастығының тереңдеуі мен жүзеге асырылуына ықпал етуге және екі ел арасындағы қарым-қатынастың келесі «алтын отыз жылдығына» үлес қосуға дайын екенін жеткізді.

А. Рахметуллин елші Хань Чуньлиньді жаңа қызметімен құттықтады. Екі мемлекет көш басшыларының басшылығымен Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы тарихтағы ең жақсы деңгейге жеткенін айтты.

Тараптар негізгі бағыттарда ынтымақтастықты нығайту мәселелері бойынша пікір алмасты.

Сонымен қатар қытайдық «Халық газеті» басылымында «Шыңжаңда әлемдегі ең ұзын жоғары жылдамдықты туннель салынды» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Шыңжаңдағы «Тяньшань Шэнли» туннелі 30 желтоқсанда аяқталды. Бұл жаңа туннель қарлы тауды кесіп өтеді және ол әлемдегі ең ұзын тас жол туннелі саналады.

«Тяньшань Шэнли» туннелі - Шыңжаңның солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын маңызды өткел. 22,13 шақырымдық туннель ашылғаннан кейін Тяньшань тауының ортаңғы бөлігін кесіп өтуге кететін уақыт бірнеше сағаттан 20 минутқа қысқарады.

Айта кетейік, бұл Үрімжі-Лопнұр жоғары қарқынды тасжолының негізгі жобасы. Оны 2025 жылы аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жобаның арқасында екі бағыт арасындағы көлікпен жүру уақыты шамамен жеті сағаттан үш сағатқа дейін қысқарады.

«Тяньшань Шэнли» туннелінің құрылысы 2020 жылдың сәуірінде басталып, 5 жылға жуық уақытқа созылған.

Соңғы жаңалықтар