Қазақстан Қытай мен АҚШ-тың су тасқынына қарсы күрестегі тәжірибесін зерттейді
АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы министрлігі тасқын суды ауыл шаруашылығында пайдалану жолдары туралы хабарлады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлік су тасқынына қарсы іс-қимыл жөніндегі нақты шараларды енгізе отырып, Қазақстан Республикасының Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын пысықтайды. Сондай-ақ тасқын суды ауыл шаруашылығында пайдаланудың жоспары әзірленеді», - делінген ведомствоның Kazinform агенттігі редакциясы жолдаған ресми сауал жауабында.
Сонымен қатар министрлік су тасқынына қарсы күресте тиімді шараларды әзірлеу үшін Қытай, АҚШ, Германия, Нидерланды секілді елдердің озық тәжірибесін зерделемек.
«Өңірлерді су тасқыны кезеңіне дайындау шеңберінде жергілікті атқарушы органдар алдын алу шараларын, оның ішінде елді мекендердің аумағынан қарды әкетуді, өзендер мен су айдындарының арналарын тазартуды, инертті материалдарды және қажет болған жағдайда қорғаныш үйінді бөгеттерін дайындауды ұйымдастыруға міндетті», - дейді ведомстводан.
Еске салсақ, бұған дейін үйі судың астында қалған 130 отбасына жаңа баспана берілгенін жазған едік.