Қазақстан Қытайдан Еуропаға дейінгі жүк тасымалын цифрландыруды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Қытайдан Еуропаға дейінгі халықаралық көлік дәліздерінде электронды құжаттарды өзара тану және жүк тасымалы туралы деректерді біріктіру жүйесін енгізуді ұсынды. Бұл туралы бүгін өтіп жатқан New Silk Way халықаралық форумында Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов айтты.

Қазақстан Қытайдан Еуропаға дейінгі жүк тасымалын цифрландыруды ұсынды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов\Kazinform

Вице-министр «Цифрлық Жібек жолы: жасанды интеллект және логистикалық деректердің үздіксіз алмасуы» атты стратегиялық сессияда халықаралық жүк тасымалын жеделдету үшін елдер арасындағы ақпарат алмасуды жеңілдету қажет екенін айтты.

Оның сөзінше, бүгінде жүк тасымалындағы кешігудің басты себептерінің бірі — құжат рәсімдеу мен ақпарат алмасуға кететін уақыт.

Қазақстан Қытайдан Еуропаға дейінгі жүк тасымалын цифрландыруды ұсынды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов\Kazinform

— Бүгінде жүк тасымалы көбіне құжаттардың рәсімделуін күтіп кешігеді. Контейнерді әрі қарай жөнелту үшін тиісті растау немесе жүк туралы ақпарат қажет болады. Әр шекара мен портта бір мәлімет қайта-қайта енгізіледі. Мұның бәрі уақыт жоғалтуға және кәсіпкерлер шығынының артуына әкеледі, — деді вице-министр.

Осы мәселені шешу үшін Қазақстан халықаралық серіктестерге үш бағыт бойынша бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды.

Біріншісі — Қытайдан Еуропаға дейінгі бүкіл бағытта электронды құжаттарды өзара тану және көлік деректерін ортақ стандарттарға сәйкестендіру. Бұл ретте әр мемлекет өз деректерін өзі сақтайды, бірақ жүктің қозғалысы туралы қажетті ақпарат тасымалға қатысушы тараптарға қолжетімді болады.

Екіншісі — жасанды интеллект негізіндегі дайын шешімдерді өзара бөлісіп, оларды халықаралық көлік дәліздерінің нақты учаскелерінде бірлесіп сынақтан өткізу.

Үшінші бағыт шекарадағы рәсімдерді үйлестіруді, тәуекелдерді бағалаудың ортақ тәсілдерін әзірлеуді және жүкті жеткізу жылдамдығын арттыруды қамтиды.

— Бірде-бір ел көлік дәлізін өз күшімен толық цифрландыра алмайды. Контейнердің жеткізілу уақыты жолдағы ең баяу учаскеге байланысты. Сондықтан халықаралық деңгейде бірлесіп әрекет ету маңызды, — деді Жәнібек Тайжанов.

Вице-министр Қазақстан халықаралық көлік дәліздерінің бірыңғай цифрлық кеңістігін серіктес мемлекеттермен бірлесіп дамытуға дайын екенін жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін жолаушы және жүк тасымалының көрсеткіштері қалай өзгергені туралы хабарланды.