Қазақстан Қытайға мұнай жеткізуді арттырмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Қытай мұнай-газ саласындағы бірлескен жобаларды кеңейтуге келісті. Ерлан Ақкенженов пен Ван Хунчжи келіссөздерінде Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін арттыру, мұнай тасымалы мен жасыл энергетиканы дамыту мәселелері талқыланды. Бұл туралы Энергетика министрлігі мәлім етті.
Қытайдың Циндао қаласында Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ҚХР Мемлекеттік энергетика басқармасының басшысы Ван Хунчжимен екіжақты келіссөздер жүргізді. Кездесу «Бір белдеу — бір жол» энергетика жөніндегі 4-ші министрлік конференциясы аясында өтті.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар өзекті мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, энергетикалық ресурстарды тасымалдаудың сенімділігі, мұнай мен газды терең өңдеу, газ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту, жасыл энергетика және таза көмір технологияларын енгізу мәселелеріне назар аударылды.
— Мұнай тасымалдау саласында «Атасу — Алашанькоу» мұнай құбырының тұрақты жұмысы атап өтілді. Ағымдағы жылдың 10 айында аталған құбыр арқылы 9,5 млн тонна мұнай тасымалданған. Тараптар құбыр жүйесінің кепілді жүктемесін және ҚХР бағытына транзиттік ағындарды 2034 жылға дейін қамтамасыз ететін қолданыстағы ұзақ мерзімді уағдаластықтардың маңыздылығын атап өтті, — делінген хабарламада.
Мұнай өңдеу саласындағы негізгі бірлескен басымдық ретінде Шымкент мұнай өңдеу зауытының (ПКОП) қуатын жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін екі есеге арттыру белгіленді. Тараптар техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуді аяқтау және «Қазақстан — Қытай» мұнай құбырлары жүйесін дамыту жоспарларымен үйлестіре отырып, жобаны базалық жобалау (FEED) кезеңіне көшіру мәселелерін талқылады.
Газ саласында газ тасымалдау инфрақұрылымын дамытуға, өңірлік транзиттік әлеуетті нығайтуға және трансшекаралық бағыттарды үйлестіруге баса назар аударылды.
— Қазақстан мен Қытай энергетика саласындағы ынтымақтастықты дәйекті түрде дамытып келеді. Энергетикалық ресурстарды сенімді тасымалдаумен қатар, біз шикізатты терең өңдеуге басымдық береміз. Бұл — Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 12 млн тоннаға дейін арттыру, полиэтилен өндіретін зауыт салу, сондай-ақ 33,6 млрд тонна көмір қорымызды негізге ала отырып, көмір химиясы мен «таза көмір» технологияларын енгізу жобалары, — деп атап өтті ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Жаңартылатын энергия көздері секторында Қазақстандағы ЖЭК үлесі 8,5%-ға жеткені атап өтілді. Сонымен қатар Қазақстан мен Қытай арасындағы күн және жел электр станцияларын салу жөніндегі үкіметаралық келісім аясында жалпы қуаты 1,8 ГВт жобалардың іске асырылу барысы және бірлескен жасыл энергетика жобаларының портфелін қосымша 1 ГВт-қа кеңейту перспективалары қаралды.
Кездесу қорытындысы бойынша екі елдің энергетика ведомстволарының басшылары бірлескен жобалар бойынша барлық мәселелерді жедел шешу мақсатында тұрақты жұмыс байланысын сақтауға уағдаласты.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Қытай бірлескен энергетикалық зерттеу орталығын құратынын жаздық.