Руслан Желдібай Екінші Орталық Азия медиафорумына қатысуға келген медиа өкілдерімен кездесті

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл туралы  ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай өзінің Telegram арнасында жазды.

Қазақстан қытайлық медиакорпорациямен бірлескен тележобаны іске қоспақ
Фото: Руслан Желдібайдың Telegram арнасынан

— Ертең Астанада Екінші Орталық Азия медиафорумы басталады. Ал бүгін осы форумға қатысу үшін келген Қытайдың CGTN медиакорпорациясының және хабар тарату жағынан әлемде көшбасшы саналатын Al Jazeera халықаралық телекомпаниясының басшыларымен кездестім, — деп жазды ол.

Қазақстан қытайлық медиакорпорациямен бірлескен тележобаны іске қоспақ
Фото: https://t.me/ruslanzheldibay

Баспасөз хатшысының хабарлауынша, CGTN бас редакторының орынбасары Дин Юнмен медиа саладағы ынтымақтастық перспективасы талқыланды. Атап айтқанда, Қытай мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынас пен стратегиялық серіктестіктің даму қарқынын кеңірек насихаттау мәселесіне айрықша мән берілді.

— Біз өз тарапымыздан бірлескен тележобаны іске қосуды ұсындық. Мұндай бастама екі ел халқының өзара мәдени байланыстарын жандандыруға септігін тигізер еді. Ал, Al Jazeera медиа институтының директоры Иман Әл Амримен және Al Jazeera English телеарнасының басқарушы директоры Исса Әлимен болған кездесуде журналистер мен басқа да салалық мамандарды даярлау, сондай-ақ Қазақстанның тарихы, тұмса табиғаты және қазіргі дамуы жөнінде сыр шертетін деректі сериялар түсіру туралы ақылдастық. Еске сала кетейін, Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Қатар еліне жасаған мемлекеттік сапары аясында Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені «Әл-Жазирамен» ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Кездесуде Қазақстанда Al Jazeera арнасының тілшілер қосынын ашу мәселесін де көтердік. Медиакорпорация елімізде өз тілшілерін ұстаса, Қазақстан және Орталық Азия өңіріндегі елеулі оқиғалар туралы қызықты ақпарат тарату мүмкіндігі кеңейеді деп санаймын, — деді Руслан Желдібай.

Қазақстан қытайлық медиакорпорациямен бірлескен тележобаны іске қоспақ
Фото: Руслан Желдібайдың Telegram арнасынан

 

Соңғы жаңалықтар