Қазақстан Қытаймен өңірлік қойма инфрақұрылымын құруды талқылайды

АСТАНА. KAZINFORM – Ақтөбе мен Ақтауда салынатын бонд қоймалары шетелдік тауарды жеткізу уақытын анағұрлым қысқартады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтып берді.

Алматыда заңсыз салынған сауда павильондары бұзылады
Фото: arasha.kz

«Электрондық сауданы дамыту шарттарының бірі – қоймалық және логистикалық инфрақұрылымның болуы. 2024 жылдың соңына дейін трансшекаралық электронды сауданы ынталандыру үшін Қытай тарапымен бірлесіп, Қазақстанда өңірлік қойма инфрақұрылымын құру мәселесін пысықтау жоспарлануда», - деді А. Шаққалиев Үкімет отырысында.

Сонымен қатар, Ақтөбе және Ақтау қалаларында фулфилмент орталықтары мен бонд қоймалары желісін дамыту жалғастырылатын болады.

«Бонд қоймаларын ашу Қытайдан Еуропаға және кері бағытта тауарларды одан әрі транзиттеу үшін ірі шетелдік маркетплейстердің тауарларын орналастыруға мүмкіндік береді. Бұл шетелдік тауарларды қазақстандық сатып алушыларға жеткізу уақытын 60-тан 7 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді», - деді Сауда министрі.

Сондай-ақ, шағын және орта бизнес субъектілеріне кешенді мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп, барлық өңірлерде электрондық сауданы оқыту орталықтары ашылады. Бүгінде мұндай оқыту орталықтары батыс өңірінің 4 облысында іске қосылды. Онда кәсіпкерлерге маркетплейстерде қалай тіркелуді, тауарды қалай сатуды және логистиканы құру үйретіледі.