Қазақстан Қытаймен жүк тасымалы көлемін 10 есе арттыруды көздеп отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Қытаймен жүк тасымалы көлемін 10 есе ұлғайтуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта Қорғас пен Алатау қаласының базасында дистрибуциялық хаб құру және Қытай тауарларын үшінші елдердің нарықтарына жеткізу мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.
Бұл мәселелер Премьер-министрдің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасованың Қытайдың Чэн Си бастаған Guo JingAn компаниясы делегациясымен кездесуінде талқыланды, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол жүк тасымалын дамыту, Қытай аумағында теміржол желісін салу және «Орталық – Батыс» автомобиль жолы жобасын іске асыру перспективаларын қарастырды.
ҚХР аумағындағы «Нұр Жолы» өткізу пунктін кеңейту тәулігіне өткізілетін жүк көліктерінің санын 800-ден 1 500-ге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Қытай тарапы желтоқсан айының соңына дейін Қорғас өткізу пунктінің жұмыс уақытын үш сағатқа ұзарту мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады.
Сонымен қатар «Орталық – Батыс» автомобиль жолы жобасы бойынша CITIC Group компаниясымен ынтымақтастық мәселесі талқыланды.
Әсел Жанасова Қытай тауарларын Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ, Түркия, Иран және Пәкістан нарықтарына жедел жеткізу үшін Қазақстанда Қорғас пен Алатау қаласының базасында дистрибуциялық хаб құруды ұсынды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін сертификаттау үшін елімізде қытайлық зертханалар ашу бастамасын көтерді.
Кездесу қорытындысында тараптар жедел әрекет ету жөніндегі жұмыс топтарын құрып, нақты ұсыныстарды пысықтауды жалғастыруға уағдаласты.
Осыған дейін Қазақстан мен Қытай бірлескен ғылыми-зерттеу мекемесін құруды талқылаған болатын.