Қазақстан қоғамдық қауіпсіздік деңгейі бойынша әлемдегі үздік 50 елдің қатарына енді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік деңгейі бойынша 143 ел мен аумақтың ішінде 41-орынға ие болды. Бұл туралы деректер World Justice Project (WJP) халықаралық ұйымының 2026 жылғы зерттеуінде жарияланды.

Қазақстан қоғамдық қауіпсіздік деңгейі бойынша әлемдегі үздік 50 елдің қатарына енді
Фото: Kazinform/AI

Соңғы төрт жылда еліміз осы көрсеткіш бойынша рейтингтегі орнын біртіндеп жақсартып келеді. 2023 жылы республика 44-орында болса, 2024 жылы 43-орынға, 2025 жылы 42-орынға көтерілді. Ал биыл 41-сатыға жайғасты.

Зерттеуде қандай көрсеткіштер ескерілді

Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік көрсеткіші халықтың қылмыстан, терроризм қаупінен, қарулы қақтығыстардан және саяси зорлық-зомбылықтан қорғалу деңгейін қамтиды. Сонымен қатар елде жеке тұлғалар арасындағы жанжалдарды шешу кезінде күш қолдану жағдайлары қаншалықты жиі болатынына да назар аударылады.

Бұл бағыт бойынша Қазақстан Франция, Италия, Португалия, Грузия, Түркия және Ресей сияқты бірқатар Еуропа мен Азия елдерінен жоғары нәтиже көрсеткен.

Құқық үстемдігі индексіндегі Қазақстанның орны

Қоғамдық қауіпсіздік көрсеткіші World Justice Project ұйымының Құқық үстемдігі индексіне кіретін сегіз бағыттың бірі саналады.

Зерттеу аясында қауіпсіздіктен бөлек, азаматтардың негізгі құқықтарының сақталуы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік органдардың ашықтығы, сот жүйесінің жұмысы және заң талаптарының орындалуы бағаланады.

Жалпы рейтингте Қазақстан 143 ел мен аумақтың арасында 67-орынға тұрақтады.

Зерттеу халық пен тиісті сала мамандары арасында жүргізілген сауалнамаларға негізделген. Бағалау 44 көрсеткіш бойынша қалыптасты.

2026 жылғы Құқық үстемдігі индексінде Дания бірінші орынға шықты. Одан кейін тізімде Норвегия, Финляндия, Швеция және Люксембург тұр.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Орталық Азияда авиациялық қауіпсіздік бойынша көш бастап тұрғанын жазғанбыз.