Қазақстан көлік және коммуникация саласында шет елдік инвесторларға барлық мүмкіндіктерді жасап отыр - ҚР Көлік және коммуникация министрі

АЛМАТЫ.Маусымның 4-і. ҚазАқпарат. /Ербол Азанбек/- Қазақстан көлік және коммуникация саласында шет елдік инвесторларға барлық мүмкіндіктерді жасап отыр. Алматыда өтіп жатқан 4-ші Қазақстандық инвестициялық саммит барысында ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов осылай мәлімдеді.

Қазақстан көлік және коммуникация саласында шет елдік инвесторларға барлық мүмкіндіктерді жасап отыр - ҚР Көлік және коммуникация министрі

Министрдің айтуынша, бұл бағытта салық, жер, бюджет кодекстеріне, автокөлік жолдары туралы заңға өзгерістер енгізілген. «Бұл өзгерістер инвесторларға қолайлы жағдайлар туғызады. Заңдармен қатар көлік- коммуникация саласында жүзеге асырылатын жобалар да ерекше», деді Әбілғазы Құсайынов. Оның айтуынша, Индустриялды-инновациялық бағдарлама аясында 16 миллиард долларлық 59 жоба жүзеге асырылады. Қазіргі кезде оның 4,5 миллиард долларлық 9-ы іске қосылған. Сондай-ақ алдағы уақытта автокөлік жолдарын дамыту бойынша 6 жоба жүзеге асады.

«Бұлардың ішіндегі ең үлкені «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізі. Жалпы ұзындығы 8,5 мың шақырымдық жобаға әлемдік 5 қаржы институты 3,5 миллиард доллар бөлді. Қазіргі кезде теңіз арқылы Азиядан Еуропаға жылына 700 миллиард доллардың тауары тасылады. Теңіз жолы уақыт жағынан ұзақ әрі қаржылай қымбат. Қазақстан аталған дәлізді салу арқылы теңіз жолына бәсекелес бола алады. Мысалы, автокөлік жолымен тауарды Азиядан Еуропаға 10 күнде жеткізуге болады. Бұл арзан, әрі тиімді», деді министр.