Қазақстан көліктік операцияларды жеделдетуде өте дұрыс қадам жасады - ТЕЫК Бас хатшысы
Бас хатшы бұл туралы Астанада өтіп жатқан Х «ТрансЕуразия-2017» көлік-транзиттік әлеует жөніндегі халықаралық конференцияда «Транскаспийлік дәліз және көлік саласындағы ынтымақтастық» тақырыбындағы баяндамасында айтып берді.
«Еуразия арқылы сауда-саттық тасымалын арттырғымыз келеді. Қытайдың «Бір белдеу - бір жол» жобасы барын білесіздер. Ол Еуропа мен Азияны байланыстырып, әр түрлі порттар арқылы Африкаға да жетуі мүмкін», - дейді Рамиль Гасанов.
Оның айтуынша, Транскаспийлік дәлізді Еуропа мен Азия үшін интеграциялық әрі арзан бағадағы тасымал жолы ретінде қалыптастырудың маңызы зор.
«Соңғы бірнеше жылда Транскаспийлік дәліздің дамып келе жатқанын бақылап отырмыз. Әзербайжан арқылы қосымша шығындар жойылды. Баку порты заманауи инфрақұрылыммен көліктік операциялардың жылдамдығын арттырып отыр. Қазақстанда да осындай дамудың барын байқап отырмыз. Ақтау порты «Бір терезе» қағидаты бойынша аталған операцияларды жеңілдете түсті. Осылайша, Қазақстанда көліктік операциялар жеделдетіліп, арзан бола түсті. Операциялық қиыншылықтарды еңсеруде Қазақстан бірқатар жұмыс атқарды. Бұл өте маңызды қадам. Аталған жұмыс Қазақстанның транзиттік ел ретінде әлеуетін арттыра түседі», - дейді Рамиль Гасанов.
Еске сала кетсек, бүгін Астанада Х «ТрансЕуразия-2017» көлік-транзиттік әлеует жөніндегі халықаралық конференциясы басталды. Оған Латвия, Литва, Түркия, Әзербайжан, Ресей, Беларусь елдерінен 300-ге жуық делегат қатысып жатыр.