Қазақстан колоректальдық ракты анықтау жөніндегі скрингтік бағдарламаны ТМД-да бірінші болып енгізбек
АЛМАТЫ. 11 қараша. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Қазақстан - ТМД елдерінің ішінде 2011 жылы колоректальдық ракты анықтау жөніндегі скрингтік бағдарлама енгізгелі отырған алғашқы ел. Бұл жайында Алматыда өтіп жатқан "Заманауи онкология мен радиологияны дамытудың жетістіктері мен келешегі" атты конференция барысында Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Жеткерген Арзықұлов мәлім етті.
Оның айтуынша, бағдарламаның мақсаты - қатерлі ісік ауруын клиникалық көрініс бермей тұрып анықтау және науқастардың көз жұму көрсеткішін төмендету.
Мамандардың дерегіне сүйенсек, тоқ ішектің қатерлі ісікке шалдығуы дүниежүзіндегі онкологиялық аурулар ішінде 3 орында, жыл сайын әлемде аталмыш ауруға шалдыққан 1234000 жаңа жағдайы тіркеледі екен. Науқастардың 50 пайызы, яғни жылына 639 мың науқас ауру меңдеп өмірден өтіп жатыр. "ТМД елдерінің арасында Қазақстан аурудың бұл түрі бойынша 7-ші орында. Көптеген жағдайда науқасқа диагноз III-IV st қойылады, бұл кезде жасалатын емнің тиімділігі төмен болады", - дейді Ж. Арзықұлов.