Қазақстан қолжетімді баспана құрылысы бойынша түрік тәжірибесін зерделеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тұрғын үй құрылысы саласындағы түрік тәжірибесін зерделеу мақсатында Құрылыс, ТКШ және жер ресурстарын басқару істері комитеті төрағасының орынбасары Жасұлан Сүйіншәлиевтің басшылығымен Қазақстан Ұлттық экономика министрлігінің делегациясы Анкарада бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлады Түркиядағы ҚР елшілігінің баспасөз қызметі.

Қазақстан қолжетімді баспана құрылысы бойынша түрік тәжірибесін зерделеді

ҚР ҰЭМ өкілдері Түркия үкіметі (TOKİ) жанындағы Тұрғын үй басқармасы басшылығы және мамандарымен пікір алмасты.

TOKİ бейінді мамандарымен әңгімелесу барысында қазақстандық делегация алдында түріктің тұрғын үй құрылысы ведомствосының тәжірибесі жан-жақты көрсетілді.

Сонымен қатар, ҚР ҰЭМ өкілдері жергілікті халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның аясында Анкара қаласында бірқатар тұрғын үй нысандарының құрылысы барысымен танысты.

Әдіснамалық көмек көрсету аясында TOKİ қазақстандық тарапқа құрылыс және әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету саласындағы құқықтық мәселелерді реттейтін заңнамалық актілер көшірмесін берді.

Делегацияны Түркиядағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Жансейіт Түймебаев қабылдады, ол бұл мәселені қазақстандық тараптың жан-жақты зерделеу қажеттігін атап өте келе, әлеуметтік тұрғын үй салудың жергілікті тәжірибесі жайлы айтты.
null