Қазақстан командасы аралас жекпе-жектен Азия чемпионатында 7 алтын, 9 күміс және 10 қола жүлде алды
АСТАНА. KAZINFORM – Пәкістанның Лахор қаласында IMMAF қолдауымен ММА-дан Азия чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы қарсылас шақ келтірмей, 10-шы мәрте жеңіске жетті. 12 елдің спортшылары қатысқан жарыста Ұлттық құрама атынан ел намысын 38 спортшы қорғады. Отандық спортшылар 18-20 жас аралығындағы жастар, 21 жастан асқан ересектер арасында үздік атанды.
Айта кету керек, қазақстандық спортшылар мұндай жетістікке қатарынан 10-шы рет қол жеткізіп отыр. Бұған дейін өткен тоғыз Азия чемпионатында да Қазақстан жеңіс тұғырынан көрінген болатын.
Пәкістанда өткен Азия біріншілігінің қорытындысы бойынша отандастарымыз 7 алтын, 9 күміс және 10 қола жүлдеге ие болды. Ұлттық құраманың қоржынына бірінші болып Қарағанды облысының атынан қатысқан Серікбай Мадияр («жастар» дивизионы, салмақ дәрежесі 61,2 кг) алтын медаль салды. Ал ұлттық құраманың екі спортшысы Ерұлан Қабдулов пен Адель Махаметова IMMAF Азияның үш дүркін чемпиондары атағын бірден растады. Сондай ақ, Ақмола облысының өкілі Велиев Зохраб (61,2 кг), БҚО-дан Шабдан Самғат (65,8 кг), атыраулық Асадов Неймат (70,3 кг) және Ақмола облысынан Бачурина Матильдада (52,2 кг) алтын жүлдеге қол жеткізіп, ел мерейін үстем етті.
«Команда іс жүзінде жетпіс пайызға жаңарды. Балалардың көпшілігі Азия чемпионатына алғаш рет келді. Бәсекелестік өте жоғары болды. Біз бұрын байқамаған Пәкістан командасы бізді таң қалдырды. Күткендей, Қазақстан, Тәжікстан және Бахрейн командалары арасында нағыз текетірес болды», - деді аралас жекпе-жектен ҚР Ұлттық құрамасының бас бапкері Баян Жанғалов.
Алайда қазақстандық спортшылар мұнымен тоқтап қалмайтынын жеткізді. Әлемнің бес дүркін жүлдегері, Азияның үш дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ерұлан Қабдулов алда әлемдік біріншілік күтіп тұрғанын атап өтті.
«Иә, біздің спортшылар барлық жекпе-жек күрделі болғанына қарамастан, өздерін тағы да көрсетті. Бірақ біздің басты мақсатымыз – әлем чемпионатында жеңіске жету. Біз үйге бір аптаға барамыз, демаламыз, содан кейін дайындықты қайтадан бастаймыз. Демалуға болмайды», - деді Қабдулов.
Әлем чемпионаты 4-12 қарашада Ташкентте өтеді. Қазақстанның ММА аралас жекпе-жек федерациясы спортшыларға жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Жаттықтырушылар мен шәкірттердің жұдырықтай жұмылған жұмысының арқасында команда азиялық жекпе-жек элитасына кірді.
Естеріңізге сала кетейік, аралас жекпе-жек (ММА) Қазақстанда ресми спорт түрі мәртебесіне ие болды. Әуесқой және кәсіби аралас жекпе-жек 2013 жылы спорт түрі ретінде танылды.