Қазақстан командасы физика пәнi бойынша халықаралық олимпиадаға қатысады

АСТАНА. 18 шілде. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен физикадан Қазақстан Республикасының құрама командасы 2012 жылғы 15-24 шiлде аралығында Таллин, Тарту қалаларында (Эстония) өтетін физика пәнi бойынша халықаралық олимпиадаға қатысады.

Қазақстан командасы физика пәнi бойынша халықаралық олимпиадаға қатысады

Бұл жайында аталған министрліктің мәліметтерінде айтылған.

«Қазақстандық оқушылардың халықаралық олимпиадаларға қатысуы дарынды балаларды анықтау мен қолдау көрсетуге жәрдемдесіп, олардың зерттеу-ізденушілік жұмыстарға деген қызығушылықтарын арттырады», - делінген бұл мәліметтерде.

Олимпиадаға әлемнің 86 елінен 369 мектеп оқушысы қатысады. Халықаралық олимпиадада Қазақстан Республикасының намысын физика пәні бойынша республикалық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінген 5 оқушы қорғайды.  

Олимпиада бағдарламасы шеңберінде қатысушылардың 1996 жылғы химиядан Нобель сыйлығының лауреаты сэр Гарольд Кротомен кездесуі  және Эстонияның тарихи жерлеріне саяхат жоспарланған.

Халықаралық олимпиаданың салтанатты жабылуы 2012 жылғы 23 шілдеде өтеді.