Қазақстан командасының Бельгия құрамасын жеңуге мүмкіндігі мол - Б. Шторк
АСТАНА. Қазанның 7-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бельгия футболшыларымен өтетін кездесуде Қазақстан құрамасының жеңіске жететін мүмкіндігі мол. Бүгін «Астана - Арена» стадионында матч алдындағы баспасөз мәслихатын өткізген Қазақстан футбол құрамасының Бас жаттықтырушысы Бернд Шторк осылай деді.
Оның айтуынша, Бельгия құрамасының ойыншылары әлемнің беделді, халықаралық футбол клубтарында өнер көрсетеді. Дегенмен, біздің де осы кездесуде жеңетін мүмкіндігіміз жоқ емес.
"Бельгия құрамасының ойыншыларына жеңіске жетіп, ұпай жинау талаптары қойылып, оларға елінде үлкен қысым жасалуда. Жанкүйерлердің бұл қысымы біздің құрамаға артылған жауапкершіліктен де ауыр. Қазақстан құрамасы сапында Германия мен Ресей елдерінің футбол ұжымдарында ойнап жүрген ойыншылар бар. Сондықтан мен ертеңгі кездесуге сенімділікпен қараймын», - деді бас бапкер.
Осыдан 3-4 жыл бұрын Қазақстан құрамасы дәл осы командамен екі рет тең түскені есімізде. 2006 жылы Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңінде Қазақстан мен Бельгия құрамалары бір топқа түсіп, Бельгияда өткен алғашқы матчта екі команда бір-бірінің қорғаныс шептерін бұза алмай 0:0 есебімен кездесуді тең аяқтаған болатын. 2007 жылы қос қарсылас Алматыда кездесті. Бұл жолы да тең ойын болды, есеп 2:2-мен қорытындыланған.
Қазір біздің ұлттық құраманың қатарына Ресейдің екі жаңа ойыншысы қосылды. Олар Қазбек Гетериев пен Алексей Попов. Сонымен қатар немістің Оберхаузен қаласындағы «Рот-Вайсс» клубынан Генрих Шмидтгаль да ертең алаңға шығады деп күтілуде.
2006-2007 жылдары Қазақстан - Бельгия арасында болған ойындарға қатысқан Симмонс, Ван Бюйтен, Ван Дамм, Вертонген, Дефур, Компани Астанада болатын матчтың тізіміне енгізілген. Ертең олар Компаниден басқаларының барлығы алаңға шығады. Ал Бельгия аяқдопшыларымен сайысып көрген отандастарымыздың ішінде казіргі капитан Карпович, сондай-ақ Жұмасқалиев пен Ерісметов бар.
Андрей Карпович алдағы ойын қарсаңындағы команданың көңіл- күйін суреттеп берді. «Бүкіл ел бізге сенім артып отыр. Команда бұл сенімді ақтауға тырысатын болады. Ойыншылардың құлшынысы үлкен, сайысқа түсуге деген талпыныс аса жоғары. Бұл ойында біз тек тең ойнап қана қоймай, жеңуді мақсат етіп қоямыз», деген Қазақстан құрамасының капитаны А. Карпович, «қарсыластар командасының құрамы жақсы, өте сұсты команда екендігін түсінеміз. Бірақ алаң жазық, доп домалақ. Алдымызда тек жеңіске жету мақсаты тұр», - деді команда капитаны.
Қазір Қазақстан мен Бельгия командалары екі матчтан өткізіп, екеуі де еш ұпай жинай алмады. Қазақстан құрамасы өзінің қақпасына 5 гол өткізіп, қарсыластарына бірде бір доп салмаған. Бельгия футболшылары өз қақпасына 4 гол жіберіп алып, қарсыластардың қақпасына 2 доп салған.
Қазiр елiмiздің ұлттық құрамасы ФИФА рейтингінде 126-шы орынға жайғасты. Қазақстан құрамасымен бiрге ЕУРО -2012 жарысының iрiктеу сынында «А» тобына түскен немiстер 4-шi, Түркия 28-шi, Бельгия 62-ші, Әзiрбайжан құрамасы 106-шы сатыда тұр.
Ұлттық құраманың қатарына мыналар кіріп отыр: қақпашылар -Александр Мокин («Ордабасы»), Андрей Сидельников («Ақтөбе»), Александр Григоренко ( «Шахтер»).
Қорғаушылар: Александр Кислицын («Шахтер»), Александр Киров («Локомотив»), Дмитрий Шомко («Ертіс»), Михаил Рожков («Локомотив»), Ренат Абдулин («Тобыл»), Владислав Чернышов («Ертіс»), Алексей Попов («Амкар», Ресей).
Жартылай қорғаушылар: Серікжан Мұжықов («Жетісу»), Аслан Дарабаев («Ақтөбе»), Азат Нұрғалиев («Тобыл»), Генрих Шмидтгаль («Рот-Вайсс», Германия), Андрей Карпович («Ақтөбе»), Ұлан Қонысбаев («Тараз»), Қазбек Гетериев («Спартак», Ресей). Шабуылдаушылар: Евгений Аверченко («Ақтөбе»), Сергей Хижниченко («Атырау»), Сергей Лисенков («Ақтөбе»), Нұрбол Жұмасқалиев («Тобыл»), Максим Азовский («Локомотив»), Андрей Финонченко («Шахтер»).