Қазақстан композиторлар одағы 70 жылдық мерейтойын атап өтеді

АЛМАТЫ. Қазанның 8-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ -  «Қазақстан композиторлар одағы» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 70 жыл толды.

Қазақстан композиторлар одағы 70 жылдық мерейтойын атап өтеді

 Осыған орай қазан айының 12-сі мен 16-сы аралығында одақтың ұйымдастыруымен мерекелік шаралар өткізіледі. Бұл туралы бүгін Алматыда «Қазақстанда классикалық музыка мәдениетінің дамуы, тарихы мен бүгінгі күні» атты  баспасөз мәслихатында  Қазақстан композиторлар одағының өкілдері  мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Композиторлар одағы қазақ кәсіби музыкасының тұрақтап дамуына арқау болып келе жатқан бірден бір ұйым. Тарихы еліміз бен халқымыздың өмірімен тығыз байланысты. Барлық қазақ музыкасының нотаға түсіріліп, сақталуы - осы ұйымның істеген ісі. Сондықтан бұл мерейтой - барлық классикалық қазақ музыкасының мерейтойы болып саналады. Соңғы 20 жылда өкінішке орай, заманның өзгеруіне байланысты, тоқтап тұрдық, қазіргі күні өз қолымызға алып, күйзелістен ақырындап шығудамыз. Классикалық музыка, басқа музыка жанрларына қарағанда бәсекеге қабілетті, сондықтан да оның өмірі  мәңгілік бола бермек», деді ҚР композиторлар одағының төрайымы Балнұр Қыдырбек.  

Оның айтуынша мерейтойлық іс-шаралар аясында мерекелік концерттер мен форум өтеді. Мерекелік концерттер Қазақ мемлекеттік Жамбыл атындағы филармонияда өтеді. Форумға Мемлекеттік симфониялық оркестр, Бақытжан Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласы, Нұрғиса Тілендиев атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, еліміздің белді солистері қатысады. Армениядан, Татарстаннан, Әзірбайжан және тағы да басқа елдерден   композиторлар келеді деп күтілуде. 

Қазан айының 12-сінен бастап апта бойы  Жамбыл атындағы филармонияда «Камералық», «Симфониялық»,  «Балаларға арналған музыка», сондай-ақ «Хор музыкасының», «Қазақ ұлт аспаптар» оркестрінің концерттері, мерейтойдың жабылу салтанатына арналған гала концерт өтеді.