Қазақстан көмір-химияны дамытуға басымдық береді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан көмірді тек отын ретінде емес, терең өңдеуге арналған маңызды шикізат ретінде қарастырып отыр. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов Қазақстан көмір өнеркәсібінің VII форумында мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, көмір-химия өнеркәсібін дамыту Мемлекет басшысы белгілеген экономиканы әртараптандыру бағытына толық сәйкес келеді және көмірді жағуға негізделген дәстүрлі үлгіден жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге бағытталған экономикаға көшуге мүмкіндік береді.
— Жаһандық энергетика жүйесі өзгеріп жатқан кезеңде Қазақстан көмірді тек энергия көзі ретінде емес, терең өңдеуге және жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге мүмкіндік беретін құнды шикізат ретінде қарастырады, — деді Санжар Жаркешов.
Оның сөзінше, көмір-химияны дамыту жаңа индустриялық кластерлер құруға, өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін арттыруға және экономиканың жаңа бағыттарын қалыптастыруға жол ашады.
Санжар Жаркешов сондай-ақ Қазақстанның көмір қоры шамамен 33,6 млрд тоннаны құрайтынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай көлем ұзақ мерзімді өндірістік жобаларды іске асыруға, жаңа кәсіпорындар ашуға және көмір-химия саласын тұрақты дамытуға берік ресурстық негіз қалыптастырады.
Еске салайық, бұған дейін көмір өнеркәсібін дамыту жоспары әзірленетіні хабарлаған еді.