Қазақстан конькишілері олимпиадалық қалашыққа орналасты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше конькишілеріміз Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласындағы олимпиадалық қалашыққа барып орналасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Енді, бүгін халықаралық әуежай қазақстандық могулшылар, шана мен тау шаңғы спортшылары және шорт-трекшілерді қарсы алады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан құрамасы XXIII қысқы Олимпиадаға 57 жолдама жеңіп алған болатын.
Отандастарымыз спорттың 9 түрінен сынға түседі. Қазір спортшылар соңғы оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олимпиада қалашығына қазақстандық спортшылардың алғашқы легі 1 ақпан күні барып орналасты. Ал соңы 7 ақпанға дейін жетіп болады. Бұл күні Олимпиада қалашығында қазақтың көк байрағы көтеріледі. Олимпиада ойындары ақпанның 9-25 аралығында өтеді. Олимпиаданың ашылу салтанатында ел туын шорт-трекші Абзал Әжғәлиев ұстап шығады.