«Қазақстан Конституциясы - әлеуметтік құндылықтар негізі»- республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА.  30 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 30 тамыз, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Қазақстан Конституциясы - әлеуметтік құндылықтар негізі»- республикалық басылымдарға шолу

***

Бұдан екі күн бұрын Семей мен Курчатов қалаларында басталған «Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарусыз әлемге» тақырыбындағы халықаралық конференция кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен қорытындыланды. Бүкіл адамзат үшін ерекше маңызды бұл жиынға әлемдегі 75 мемлекеттің пар­ламенттері мен үкіметтерінің мүшелері, 20-дан астам халықаралық ұйымдардың өкілдері, Қазақстан Парламенті палата­лары­ның төрағалары, Президент Әкімші­лі­гінің жауапты қызметкерлері, Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелері, сон­дай-ақ еліміздегі қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты. Осы алқалы жиын арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Қарусызданудың жаһандық жаңа кезеңі Семей полигонын жабудан басталды» деген тақырыппен берілген.

Биыл еліміз Негізгі Заңымыздың қа­был­дануы­ның он жеті жылдығын мерекелеуде. Бүкілхалықтық маңызы бар актіге айнал­ған Конституцияның қағи­да­лары мен нормаларына бұлжытпай сүйене отырып, Қа­зақ­стан осы жылдар ішінде орасан табысқа қол жеткізді. Ата Заңымызда 1995 жылғы 30 тамызда елдің конституциялық саясатының не­гіздері айқындалып, ол уақыт талабына қарай бірқатар өзгерістерге ұшы­рады. Міне, осы орайда «Егемен Қазақстан» газеті Конс­титуциялық Кеңес Төрағасы Игорь Роговке жолығып, Ата Заңымызға байланысты тың ойларымен бөліскен. Сұхбат «Қазақстан Конституциясы - әлеуметтік құндылықтар негізі» деген тақырыппен жария етілді.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев Ресей Федера­ция­сының Пре­зи­денті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Тараптар әңгімелесу барысында екіжақты ынтымақ­тастықты, сондай-ақ Павлодарда қыр­күйек айында өтеді деп жоспарланған Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынты­мақ­тастығының то­ғы­зыншы форумына дайындық мәселесін талқылады.

***

«Шығыс Қазақстан облысында немересі туған атасынан өзінің ағасын дүниеге әкелді», - деп жазады «Время» газеті бүгінгі санындағы «Почему, мама?» деген мақаласында. Шығыс Қазақстанның шалғай түкпіріндегі ауылда 13 жастағы қызды 70-тен асқан атасы жыныстық қатынасқа мәжбүрлеп келген. Жан түршігерлік бұл ақпарат құқық қорғаушылардың құлағына да шалынған. Дегенмен қыз полиция қызметкерлерімен байланысқа құлықсыз шыққан. 10 жасынан бастап атасының зорлық-зомбылығына ұшыраған қыз ендігі уақытта баласының тәрбиесімен айналыспақ.

***

«Экспресс-К» газетінің жазуынша, Көкшетауда бір түннің ішінде үй тонап, әйел зорлаған және шетелдік азаматты соққыға жығып өлтірген 2 қалалық жасты тұтқынға алды. Олар шілде түндерінің бірінде облыс орталығындағы үйлердің біріне басып біріп, 43 жастағы әйелді зорлап, ақшасымен мен ұялы телефонын алып кеткен. Осымен тоқтамаған олар жол бойында 47 жастағы ресейлік азаматты соққыға жыққан. Ресейлік ауруханаға жеткізілгенмен, ауыр соққыдан көз жұмды.

***

«Қазақстан Президенті «Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарусыз әлемге» атты Халықаралық конференцияда бірқатар жаңа жаһандық бастама көтерді», - деп жазады «Известия Казахстан» газеті «Нурсултан Назарбаев: «Безъядерный мир - наша общая цель» деген тақырыптағы мақаласында. «Қазақстан бүгінде халықаралық «АТОМ» жобасын іске қосып отыр. Жобаның атауы ағылшын тіліндегі - Эболиш Тестинг. Ауэ Мишн («Abolish Testing. Our Mission») - төрт сөздің бірінші әріптерінен тұрып, «Сынақтар­ды Жою - Біздің Миссиямыз» дегенді білдіреді. Жоба шеңберінде жер бетіндегі ядро­лық қаруға қарсы кез келген адам әлем үкіметтерін ядролық сынақтардан біржола бас тартуға шақырған онлайн-петицияға қол қойып, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы келісім-шарттың тезірек күшіне енуіне қол жеткізе алады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.