Қазақстан қор нарығы жаңа компаниялардың ІРО-ға шығуын қамтамасыз етуі керек - Ұлттық банк төрағасының орынбасары

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Данияр Ақышев бүгін Алматыда өтіп жатқан Корпоративтік басқару және қор нарығын дамыту мәселелері жөніндегі Еуразиялық топтың 1-мәжілісінде осындай пікір білдірді.
"Үкіметтің бұл бағыттағы негізгі шараларындағы бірі - мемлекеттік "Халықтық ІРО бағдарламасы". Оның мақсаты - мемлекеттік компаниялардың акцияларын отандық қор нарығында халықтың түрлі топтары мен ұлттық инвесторлар арасында орналастыру. Бұған дейін ІРО соңғы рет 2006 жылы жасалған болатын", - дейді Д.Ақышев. Оның айтуынша, халықтық ІРО бағдарламасы арқылы жеке инвесторлар мен зейнетақы қорларынан инвестиция тартуға қолайлы мүмкіндік бар. Қазіргі таңда қор нарығының негізгі мәселесі сапалы қаржылық құралдардың жеткіліксіздігі мен өтімділіктің шектеулігі болып отыр. Ұлттық банк халықтық ІРО бағдарламасы қор нарығын одан ары дамытуға мықты серпін береді деп үміттенеді. Ол көптеген эмитенттер үшін тартымды сауда алаңы болмақ.