Қазақстан қор нарығының астыртын тұсы туралы фильм жарыққа шықты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Отандық қор нарығының құпиялары туралы қазақстандық фильм жарыққа шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық кинематография бұрын-соңды қаржы тақырыбына бұлай терең дендемеген. Алайда, бас продюсер Ерболат Байғанин, режиссер Елена Лисасина мен сценарий авторы Дмитрий Богомолов осынау батыл тәжірибеге бара отырып, мүлт кетпепті. Фильмнің тұсаукесеріне келген барлық көрермен туындыға жоғары баға беріп жатыр. Тақырыпқа терең бойлай білудің құпиясы қарапайым - Ерболат Байғанин 1993-1994 жылдары Алматы қаржы биржасы президентінің көмекшісі қызметін атқарып, кейін қор нарығында еңбек еткендіктен, бизнестің қыр-сырын бір кісідей біледі.
«Шынтуайтында, менің мамандығым - қаржыгер. Міне, сондықтан осы фильмді жарыққа шығаруды ұйғардым. Біз шынында да «Уолл-стрит» фильміне бағыт-бағдар ұстандық та, жап-жақсы туындыны дүниеге әкелу қолымыздан келген секілді. Біз осы тақырыпқа жақындай отырып, қазақстандық ерекшелікті де көрсеткіміз келді. Өзімнің жеке тәжірибеме көп сүйенгендіктен, фильмді шынайы оқиғаларға негізделген деп айтуға әбден болады», - дейді Байғанин тұсаукесерден кейін.
Сюжеттің ортасында - Тайыр мен Руслан атты сыныптастардың өмірбаяны. Сонау 1996 жылы Руслан математикадан кілең беске оқығанымен, барлық ботаниктер секілді бүкіл үй жұмыстарын сағызға бола атқара береді. Ал Тайыр болса, «мықтылардың» қатарында болады да, Русланға ешкімді тиіскізбей, қорған болады.
Арада көп жыл өткеннен кейін Тайыр брокерлік кеңсеге жетекшілік етіп, оның еден жуушысы Русланнан көп ақша табады. Күндердің күнінде өмірден әділеттілік іздеп, таппаған Руслан ақыры Тайырдың кеңсесіне жұмысқа тұрады. Руслан енді ғана еңсесін көтеріп, жұмысты адал атқарғысы келсе, бұл жердегі жүйенің өз заңдылығы бар болып шығады.
Байғанин мойындағандай, «Қаржыгер. Тәуекел ойыны» киножобасы - толық метражды ойынға негізделген фильм әрі шығармашылық туынды.
Фильмде басты рөлдерді Асылхан Төлепов, Шыңғыс Қапин, Карина Жұмалиева, Алдабек Шалбаев, Бақытжан Әлпейісов, Ерболат Байғанин және Филипп Волошин сомдайды.
Қазіргі уақытта аталмыш туындыны кинофестивальдерге жолдап, шетелдегі прокатқа шығару көзделген.