Қазақстан Қорғаныс министрлігі 15 мыңнан астам жасты әскерге шақырады
АСТАНА. 1 наурыз. ҚазАқпарат - ҚР Президентінің 2013 жылғы 28 ақпандағы «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2013 жылдың сәуір-маусымында және қазан-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» Жарлығына сәйкес
2013 жылғы 1 сәуірде азаматтарды мерзімді әскери қызметке көктемгі шақыру науқаны басталады.
ҚР ҚМ баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы көктемде 18-27 жас аралығындағы 15 мыңнан астам ер-азаматты әскер қатарына шақыру жоспарланып отыр. Оның ішінде ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне 7 мыңға жуық жас шақырылмақ. Қалған бозбалалар Республикалық ұланның, ІІМ Ішкі әскерлерінің, ҰҚК Шекара қызметінің, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдеріне жіберіледі.
Сонымен қатар, мерзімді қызметін өткерген 16 мыңға жуық әскери қызметшіні жоспарлы түрде запасқа шығару шаралары да қоса жүргізілетін болады.
2013 жылғы көктемгі әскерге шақыру шаралары қарсаңында ҚР Қорғаныс министрі азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру туралы Кешенді жоспарды бекіткен болатын. Аталған құжат жастарды Қарулы Күштер қатарына шақыру науқанын сапалы өткізу және әскери қызметті насихаттау мақсатында жасалып отыр.
Кешенді жоспарда медициналық куәландыру, идеологиялық және психологиялық жұмыстар, нормативті-құқықтық қамтамасыз ету туралы іс-шаралар кеңінен қамтылған. Жоспарды сапалы іске асыру үшін әскерге шақыру науқанына дайындық және оны жүргізуге Қарулы Күштердің барлық құрылымдық бөлімшелері тартылатын болады.