Қазақстан көрші елден электр энергиясының импортын қашан тоқтатады

АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов электр энергиясы тапшылығы мәселесі қашан шешілетінін айтты.

Сұңғат Есімханов
Фото: Үкімет

 

- 2025 жылы 123,1 млрд кВт/сағат электр энергиясын өндірдік, ал тұтынылған энергия 124,6 млрд кВт/сағатты құрады, яғни айырмашылық, - 1,5 млрд кВт/сағат. Мәселен, 2024 жылы бұл көрсеткіш 2,1 млрд кВт/сағат деңгейінде болды. Бұл көрсеткіш азайып келеді, - деді С. Есімханов Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, егер барлық жоспарланған нысандар жылдың аяғына дейін немесе келесі жылдың басына дейін іске қосылса, онда 2027 жылы бұл бағытта оңтайлы өзгерістер байқалады. Осы орайда биыл өндірілген энергия мен жағылған энергия арасындағы айырмашылық тағы да азаяды.

- Айта кетейік, біз электр энергиясын сатып алумен қатар, оңтүстік облыстарды сумен қамтамасыз ету үшін Қырғызстанға да экспорттаймыз. Сондықтан 2027 жылы бұл мәселені (энергия импортын) толықтай жабуды жоспарлап отырмыз, - деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында Премьер-министрі Олжас Бектенов энергетика саласына қатысты бірқатар тапсырма берді.

https://kaz.inform.kz/news/energiya-nisandari-pasporttarinin-dayindigina-onr-akmder-tkeley-zhauap-bered-ukm-9bb109ac