Қазақстан көрші елдердің су шаруашылығы саясатына тәуелді – Экология министрлігі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы жылдың желтоқсанында ел Үкіметі 3 көрші мемлекетпен «Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және пайдалану туралы» келісімге қол қоймақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Географиялық ерекшеліктерге байланысты Қазақстандағы 8 су шаруашылығы бассейні трансшекаралық саналады. Соның салдарынан Қазақстан Қытай, Ресей және Орталық Азия елдерінің су шаруашылығы саясатына тәуелді», - делінген Ашық НҚА порталында жарияланған Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында.

Бұл проблеманы шешу мақсатында жауапты министрлік трансшекаралық суды көрші елдермен бірлесіп пайдалану және оны қорғау туралы жаңа келісім жасау қажет екенін алға тартады.

«Трансшекаралық өзендер ағынының қысқару үрдісін ескере отырып, 2029 жылға дейін ынтымақтастықты дамыту су қатынастары саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі аспектілерінің бірі болуға тиіс. Сондықтан трансшекаралық өзендерді дамыту, көрші мемлекеттермен бірлесіп пайдалану және қорғау туралы жаңа екіжақты және көпжақты шарттық базаны құру мен қолданыстағысын жетілдіру қажет. Атап айтқанда, Қазақстан мен Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай елдерінің үкіметі арасындағы «Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және пайдалану туралы» келісімге қол қою маңызды», - деп мәселенің шешімі ұсынылған құжатта.

Жоспарға сай, аталған келісімдерге биыл желтоқсанда қол қою көзделіп отыр.

Тұжырымдамада келтірілген болжамға сай, су пайдалану деңгейі төмендемесе, 2029 жылға қарай су тапшылығы болуы мүмкін. Бұл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қауіп төндіреді.


Соңғы жаңалықтар
telegram