Қазақстан Көшбасшысының Ислам әлемі мен Батысты, Батыс пен Ислам әлемін жақындастыруға сіңірген үлесі зор - Ю.Кучинская

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Көшбасшысының Ислам әлемі мен Батысты, Батыс пен Ислам әлемін жақындастыруға сіңірген үлесі зор. Бұл пікірді ҚазАқпарат тілшісіне «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығының директоры Юлия Кучинская білдірді.

Қазақстан Көшбасшысының Ислам әлемі мен Батысты, Батыс пен Ислам әлемін жақындастыруға сіңірген үлесі зор - Ю.Кучинская

«Әрине, бұл сыйлықтың табыс етілуі біздің Мемлекет басшысының ислам әлемі алдындағы қызметінің мойындалуы деген сөз. Меніңше, біздің Президент Батыс пен Шығыстың қарым-қатынасын жолға қоюға, шындығын айтқанда, Ислам әлемі мен Батысты, Батыс пен Ислам әлемін бір-бірімен жақындастыруға тікелей зор еңбек сіңіріп келеді», - деді ол.

Ю.Кучинскаяның атап өтуінше, соңғы уақытта әлемде, оның ішінде ислам елдерінде орын алған соңғы оқиғаларды ескерер болсақ, Елбасының «Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығын иеленуі ислам әлемінің оң иммиджін қалыптастыруда зор маңызға ие.

«Біздің Президентіміз көптеген іс атқаруда. Тіпті, біздің еліміз Дүниежүзілік ислам экономикалық форумына біздің ел төрағалық жасаған кезеңде де біраз жұмыстың атқарылғаны белгілі», - деді қауымдастық директоры.

Естеріңізге сала кетейік, Бүгін Дубайда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығы салтанатты түрде табыс етілді. Өйткені, сыйлық беру жөніндегі комиссия Қазақстан Көшбасшысының исламдық қаржыландыруды алға жылжытудағы қызметін жоғары бағалаған еді. Бұл түсінікті де. Себебі Қазақстан бұрынғы кеңестік елдер арасында ең бірінші болып мемлекетте исламдық қаржыландырудың еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдады. 2007 жылы елімізде «Әл-Хилял» исламдық банкі құрылды. Бүгінгі таңда аталған қаржы ұйымы елімізде жалпы сомасы 80 млн. долларды құрайтын 7 жобаны қаржыландырып отыр.

Әлемдік ислам қаржыландыру (Global Islamic Finance Award, GIFA) сыйлығы әлемдік және аймақтық деңгейде исламдық банкинг пен қаржыландыруды дамытудағы маңызды жетістіктері үшін беріледі. Сыйлық тізілімі активтерді басқару, корпоративтік құқық, ІТ, әлеуметтік жауапкершілік, капитал нарығы, білім сынды түрлі 22 аталымды қамтиды. Сыйлық жеңімпазын анықтау әдістемесін Лондонда қоныстанған «Edbiz Consulting Limited» халықаралық исламдық қаржыландыру консалтингтік фирмасы жүргізеді.

Исламдық қаржы жөніндегі халықаралық сыйлықты табыс ету рәсімі алғаш рет 2011 жылдың желтоқсанына Маскат қаласында өткен 1-ші Оман ислам экономикалық форумында ұйымдастырылған еді. Ол кезде «Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығы Малайзияда исламдық банкинг пен қаржы үшін барлық инфрақұрылым жасағаны үшін елдің бұрынғы қаржы министрі және экс-Премьер-Министрі Абдулла Ахмад Бадавиге берген-ді.

2012 жылдың қарашасында Куала-Лумпурда өткен Азия қаржылық форумында бұл мәртебелі сыйлық Малайзияның Перак штатының мұрагер ханзадасы Раджа Назрин Шахқа табыс етілді. Ал өткен жылы 26 қарашада үшінші сыйлыққа Дубайда өткен Дүниежүзілік конференцияда Пәкістанның бұрынғы Премьер-Министрі Шаукат Азиз ие болды.