Қазақстан криптовалюта енгізу бойынша әлемдегі 146 елдің ішінен 64-орын алды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Күш құрылымдарының қызметкерлері цифрлық активтермен жұмыс істеу және криптовалюталарды қадағалау бойынша тренингтен өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан криптовалюта енгізу бойынша әлемдегі 146 елдің ішінен 64-орын алды
Фото: gov.kz

Астана қаласында 26-29 маусым аралығында «Цифрлық активтер: тәуекелдерді басқару» тақырыбында тренинг өтті. Тренингті Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі БҰҰ-ның есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды.

Оқыту бағытындағы іс-шара құқық қорғау және мемлекеттік органдардың цифрлық активтермен жұмыс істеу, криптовалюталарды қадағалау және цифрлық әлемдегі жаңа үрдістер бойынша біліктілікті арттыру мақсатында өтті. Тренинг бағдарламасы виртуалды активтердің жұмыс ерекшеліктері, орталық банктің цифрлық валютасына байланысты салықтар мен тәуекелдер (Central Bank digital currency, CBDC) сынды тақырыптарды қамтыды.


БҰҰ-ның есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының сарапшылары, сондай-ақ ҚР ЦДИАӨМ электрондық өнеркәсіпті және цифрлық активтер индустриясын дамыту департаментінің өкілдері сөз сөйледі.

«Chainalysis аналитикалық компаниясының деректеріне сәйкес, Қазақстан 2022 жылдың қорытындысы негізінде, криптовалюталарды енгізу бойынша әлемдегі 146 елдің ішінен 64-орынға тұрақтады. Бұл еліміздің әлемдік цифрлық активтер экожүйесінің белсенді қатысушысы екенін көрсетеді. Виртуалды және цифрлық активтердің айналымын реттейтін заң ашық және қауіпсіз нарықты дамытуға мүмкіндік береді. Мұндай заңдар әлемнің барлық елінде қолданылмайды. БҰҰ ЦДИАӨМ-нің осы нарықты дамыту және мамандарды оқыту жөніндегі жұмысын құптайды, біз мұны қолдауға әрқашан дайынбыз», – деп атап өтті БҰҰ-ның есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының кеңесшісі Алексей Фещенко.


Бүгін осы тренинг аясында ЦДИАӨМ-де цифрлық активтер нарығын дамытуды стратегиялық жоспарлау бойынша workshop ұйымдастырылды. Оның қатысушылары Қазақстандағы цифрлық майнингтің реттеуші шарттарын және алдағы 3 жылға цифрлық активтер нарығын дамытуды стратегиялық жоспарлау мәселелерін талқылады.

Тренингте және workshop-та Бас прокуратурасының, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Қаржы мониторингі агенттігінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Ұлттық Банкінің, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметкерлері қатысты.