Қазақстан кубогінің финалдық ойындарын УЕФА президенті Мишель Платини тамашалады
sp;АСТАНА. Қарашаның 16-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Кеше елімізге УЕФА президенті Мишель Платинидің өзі келіп, Қазақстан кубогінің финалдық ойындарын тамашалады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан Футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбековтің сөзіне қарағанда, мәртебелі мейман елімізге Қазақстан футболын қолдау үшін және елордада салынған жаңа стадионды тамашалау мақсатында келген. Бұл турасында Ә.Жақсыбеков «Платини бізге жақсы таныс әрі жақсы қарым-қатынастағы тұлғалардың бірі. Ол өткен жылы Қазақстанға келген алғаш сапарында жаңа стадионымыздың құрылысын көріп, аталмыш кешен ашылған соң елімізге міндетті түрде келіп-кететіндігін айтқан болатын. Мне енді бүгін біздің құрметті қонағымыз болып отыр», деп атап көрсетті.
«Менің өткен жылы Қазақстанға келген сапарымда Әділбек Жақсыбеков мырза, мені стадионның 1 жылдан соң аяқталатынына сендірген еді. Енді міне барлығымыз осы кешенде өтетін ойынды тамашалағалы отырмыз. Стадион өте жақсы салынған әрі ыңғайлы. Ал сырттағы суықты ескеретін болсақ, оның жабылатын кешен түрінде салынғаны өте ұтымды болған. Біз қазақстандық Футбол федерациясымен жақсы қарым-қатынастамыз. Ал оның басшысы осы спорт түрін дамыту үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырып отыр», деді УЕФА президенті Мишель Платини.
Футбол спортының халықаралық деңгейдегі ұйымның төрағасын қазақстандықтар ыстық ықыласпен қарсы алды. Оның басты себептерінің бірі, қазақстандықтар халықаралық ұйым басшысының өкілінен жанкүйерлерді толғандырып жүрген ел футболының қазіргі жай-күйі мен болашағына қатысты пікірін, жалпы әлемдік футбол спортындағы жағдайлар жөніндегі көзқарасын білу еді. Абырой болғанда, мәртебелі мейман финалдық ойындар басталар алдында Футбол федерациясының президентімен бірге, футбол спортына қатысты көпшіліктің сан түрлі сауалдарына жауап берді.
Оның айтуынша, Қазақстанда футболды дамытуға көп көңіл бөлінген. «Біз бүгін министр мырзамен бірге Қазақстан футболының даму барысы мен оған қатысты орын алып отырған мәселелерді түбегейлі талқылаймыз. Бұл ретте біз, әсіресе, жастар футболын дамыту мәселесін басты назарға алғалы отырмыз. Мен Қазақстанның футбол федерациясы басшысына сенемін. Ол Қазақстан футболын дамытумен байланысты мәселелерді шеше алады», деді УЕФА президенті.