Қазақстан кубогы үшін ойында «Ақжайық» «Каспийді» ұтты
Бұл украиналық маман Владимир Мазярдың орнына келген молдовалық Игорь Пикущактың бас бапкер ретіндегі алғашқы матчы еді.
Бірінші таймда қонақтар сапынан Павел Киреенко 39-минутта есеп ашты.
Екінші таймда И.Пикущак тыңнан грузиялық шабуылшы Тома Табатадзе мен украиналық жартылай қорғаушы Илья Коваленконы қосты. Бұл тактика өз жемісін берді. Т.Табатадзе 49-ыншы және 58-минутта қос голдың авторы атанды. Іле-шала И.Коваленко 60-минутта есепті 3:1-ге жеткізді.
Осылайша, көптен жеңіс дәмін татпаған «Ақжайық» үш ұпайға ие болып, өз тобында екінші орынға көтерілді. Қазақстан кубогы үшін келесі турда 23 шілдеде «Ақжайық» «Қызылжарды», «Каспий» «Қайсарды» қабылдайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайық» футбол клубының бас бапкері тағайындалғанын жазған болатынбыз.
Суреттерді түсірген Айбатыр Нұраш