Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан құрамасы алғаш рет физика олимпиадасында бес алтын жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM – Алматы халықаралық әуежайында 56-шы Халықаралық физика олимпиадасының (IPhO-2026) жеңімпаздарын салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Қазақстан құрамасы өз тарихында алғаш рет бес алтын медаль жеңіп алып, рекордтық нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігі.

о
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Салтанатты рәсімге Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысып, оқушыларды тарихи жетістіктерімен құттықтады. Сонымен қатар ұлттық құраманы дайындауға атсалысқан педагогтер мен тәлімгерлерге алғыс білдірді.

– Бұл жетістік – қазақстандық оқушылардың жоғары дайындық деңгейі мен педагогтердің кәсібилігінің айқын дәлелі. Сондай-ақ Мемлекет басшысының дарынды жастарды қолдау және білім беру жүйесін дамыту жөніндегі тапсырмаларының нәтижесін көрсетеді, – деп атап өтті министрлік.

Салтанатты кездесудің басты кейіпкерлері – алтын медаль иегерлері Нұргүл Егенбергенова, Әмірбек Азатбеков, Ілияс Қазымбек, Роман Черемнов және Дамир Құрман болды. Олармен бірге елге ұлттық құраманың жетекшісі Гүлия Нұрбақова және команда жетекшілері Самат Мақсұтов пен Әлішер Еркебаев оралды.

56-шы Халықаралық физика олимпиадасы 4–12 шілде аралығында Колумбияның Букараманга қаласында өтті. Беделді білім додасына әлемнің 85 елінен 381 оқушы қатысқан.

– Қазақстан құрамасының бес алтын медаль жеңіп алуы – еліміздің зияткерлік әлеуетінің артып келе жатқанын көрсететін тарихи нәтиже. Бұл жеңіс жас ұрпаққа үлгі болып, халықаралық білім аренасындағы Қазақстанның беделін нығайта түсті, – деп мәлімдеді ведомство.

Оқу-ағарту министрлігі жеңімпаздарды, олардың ұстаздары мен ата-аналарын тарихи жетістікпен құттықтады.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы химиядан халықаралық олимпиадада ел намысын қорғап жатыр.