Қазақстан құрамасы каратэден Азия чемпионатында бірінші орын алды

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында өткен каратэден ересектер арасындағы I Азия ашық чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды Kazinform. 

каратэ
Фото: Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл алғаш рет ұйымдастырылған жарыста Қазақстан құрамасының спортшылары 8 алтын, 8 күміс және 14 қола медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте 1-орынға ие болды. Екінші орынға Иран (3 алтын, 2 күміс, 3 қола) құрамасы жайғасса, үздік үштікті 2 алтын жүлдемен Біріккен Араб Әмірліктері қорытындылады. 

каратэ
Фото: Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Сары құрлық додасына алыс-жақын шетелден келген 10 құрамадан 140-қа жуық спортшы қатысты. Атап айтқанда, Алматы төрінде Германия, Үндістан, Иран, Қазақстан, Кувейт, Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктерінің ең мықты спортшылары сынға түсті.

Жарыстың соңғы күнінде командалық сында жүлделер сарапқа салынып, кумите бағдарламасында Қазақстан ерлер командасы алтын, ал әйелдер қола жүлдеге ие болды. 

каратэ
Фото: Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

«Отандық каратэшілерді I Азия ашық чемпионатында көрсеткен тамаша жетістігімен құттықтаймын. Мұның алдында жас жеткіншектеріміз де үздіктер қатарынан көрінсе, бұл жолы ересектер құрамасы ел мерейін тасытты. Мұндай ірі жарыста, өз елімізде өткен байрақты бәсекеде үздіктердің үздігі болу қашанда маңызды. Сіздер бұл жетістіктеріңіз арқылы өскелең ұрпаққа зор үлгі көрсеттіңіздер», - деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Бәсекеде алтын медальді Ұлмекен Жалғас (+68 кг), Бэлла Самашева (55 кг), Даяна Даренская (61 кг), Диас Анарбеков (+84 кг), Жоламан Биғабыл (60 кг), Ерсұлтан Тәңірберген (67 кг), Диас Ұлбек (84 кг) жеңіп алды.

Күміс жүлде ката бойынша Лия Қошқарбаева, Мәди Катешов, кумитеден Әйгерім Тұрсынбекова (50 кг), Гүлмира Үсенова (61 кг), Николь Ценгель (61 кг), Дархан Тимралиев (60 кг), Әбілмансұр Батырғали (75 кг), Айдос Мұхатқа (67 кг) бұйырды.

Сондай-ақ Ердос Кенжеғалиев (ката), Арина Якубина (+68 кг), Алина Сұлтанова (50 кг), Ақниет Шеризат (50 кг), Айжан Бакирова (61 кг), Венера Жақсыбаева (68 кг), Милана Власенко (68 кг), Айбек Шарап (60 кг), Дамир Нұрберген (75 кг), Азамат Марат (75 кг) және Никита Тарнакин (84 кг) қола медаль еншіледі.