Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан құрамасы қазіргі бессайыстан U17 әлем чемпионатында үздік ондыққа енді

АСТАНА. KAZINFORM - Каунас қаласында (Литва) қазіргі бессайыстан 17 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионаты аяқталды.

Қазақстан құрамасы қазіргі бессайыстан U17 әлем чемпионатында үздік ондыққа енді
Фото: ҚР ҰОК

Темірлан Төлегенов және Берік Хамза Ерлер арасындағы іріктеу кезеңінде және жартылай финалда сәтті өнер көрсетіп ақтық сынға шықты. Нәтижесінде Темірлан 23-орын, Берік 25-орынға тұрақтады.

Сонымен қатар Берік Хамза және Темірлан Төлегенов командалық эстафетада үздік ондыққа еніп, алтыншы орыннан көрінді. Ал Яна Беспалова және Сәбина Ахмединадан құралған әйелдер командасы 12-орында жарысты аяқтады.

Сондай-ақ отандастарымыз аралас командалық эстафетада 13-орынға табан тіреді. Құрама сапында Яна Беспалова және Темірлан Төлегенов өнер көрсетті.

Одан бөлек, ерлер командасы (Берік Хамза, Темірлан Төлегенов, Нұрғали Өмірсерік) командалық бәсекеде сегізінші орыннан көрінсе, әйелдер командасы (Яна Беспалова, Сәбина Ахмедина, Диана Гренц) 14-орынға ие болды.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық екі балуан U17 әлем чемпионатының қола жүлдесіне таласатынын хабарлағанбыз.