Қазақстан құрамасы шахмат Олимпиадасын жеңіспен бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Самарқандта (Өзбекстан) кезекті Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасы өтіп жатыр. Әйелдер арасындағы жарыстың алғашқы турында Қазақстан құрамасы Ботсвана командасын 4:0 есебімен жеңді. Бұл туралы Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) баспасөз қызметінде жарияланды.
Жеңіске Алуа Нұрман, Меруерт Камалиденова, Елназ Қалиахмет және Зарина Нұрғалиева жетті. Команда көшбасшысы Бибісара Асаубаева бұл кездесуде қосалқы құрамда қалды.
Қазақстан әйелдер құрамасы 2 командалық ұпай және 4 жеке ұпай жинап, аралық турнир кестесінде үшінші орында тұр. Одан жоғары Үндістан мен Грузия құрамалары орналасқан. Олар Қазақстаннан қосымша көрсеткіштер бойынша алда келеді.
Әйелдер арасындағы бәсекеде Үндістан Доминикан Республикасын, Грузия Тунисті, Қытай Замбияны, ал АҚШ Андорраны 4:0 есебімен жеңді.
Қазақстанның ерлер құрамасы да Олимпиаданы жеңіспен бастады. Команда Гаити құрамасын 4:0 есебімен жеңді.
Биылғы шахмат Олимпиадасы 15 қыркүйекте басталды. Жарыс 27 қыркүйекке дейін жалғасады. Турнир швейцариялық жүйе бойынша 11 турдан тұрады.
Әйелдер арасындағы бәсекеде Қазақстан намысын Бибісара Асаубаева, Алуа Нұрман, Меруерт Камалиденова, Елназ Қалиахмет және Зарина Нұрғалиева қорғайды.
Ал ерлер құрамасы сапында Денис Махнёв, Алдияр Ансат, Жандос Ағманов, Даниял Сапенов және Сауат Нұрғалиев өнер көрсетіп жатыр.
Еске салайық, 2024 жылы Венгрияда өткен шахмат Олимпиадасында Қазақстанның әйелдер құрамасы күміс медаль жеңіп алған болатын. Бұл жолы да қазақстандық шахматшылар әлемдік рейтингте төртінші орында тұрған мықты командалардың бірі ретінде турнирге қатысып отыр.
Айта кетейік, әлемнің үздік шахматшылары Бибісара Асаубаеваны қиын қарсылас деп атаған болатын.