Қазақстан құрамасы сурдо футзалдан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласында алғаш рет 21 жасқа дейінгі есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында сурдо футзалдан әлем чемпионаты мәресіне жетті.
Жарысқа барлығы 10 команда қатысып, финалда Қазақстан мен Иран құрамалары алтын жүлдені сарапқа салды.
Аса тартысты өткен ойында қазақстандықтар 1:3 есебімен жеңіліп жатып, санаулы секундтар қалғанда таразы басын теңестіріп кетті.
Содан кейін экстра таймда 4:3 есебімен алға шықты. Алайда осы басымдықты ұстап тұра алмады – 4:7.
Осылайша ирандықтар үздік шықса, Қазақстан күміс медальмен марапатталды.
Бразилия құрамасы үздік үштікті түйіндеді.
2022 жылы Куала-Лумпурда (Малайзияда) алғашқы әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы финалға дейін жетіп, онда да Иранға 0:1 есебімен есе жіберген еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын ҚФФ-ның Лео Игитаның әрекетіне байланысты мәлімдеме жасаған болатын.